Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақта 14 аумақтық, 650 учаскелік референдум комиссиясы құрылды

Қоғамда атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқылануда. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін” деп атом энергетикасының ел өнеркәсібі мен экономикасының дамуына зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар Жолдауда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтетін күнді белгіледі. Осыған орай, Референдумды өткізу тәртібі мен аймақтағы дайындық жұмыстарының барысын білмек үшін Қарағанды облысының референдум комиссиясының төрағасы Нүркенов Қайрат Қаршығаұлына хабарласқан едік…

Сурет: gov.kz

«Республикалық референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарағанды облысында 14 аумақтық, 650 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Бұл жұмысқа Референдум комиссиясының 4 440 мүшесі тартылды. Бүгінгі таңда референдум комиссиясының мүшелерін оқыту бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облысымыз бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар 754 706 азамат тіркелген. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін, тиісті жергілікті атқарушы органдар, дауыс беру үшін нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелгендердің негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар, тізімге олар жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде ғана енгізілуі мүмкін.

Республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде аталған құқықты жүзеге асыру үшін, азаматтарды нақты учаскедегі референдумға қатысушылардың тізіміне енгізу тәртібі туралы хабардар ету үшін, жергілікті атқарушы органдарға онлайн-сервистерді, call-орталықтарды, интернет-ресурстарды ұйымдастыру ұсынылды.

Бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес дауыс беруге жиырма күн қалғанда, яғни 2024 жылдың 15 қыркүйегінде, тиісті әкімдер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың әрбір учаске бойынша қол қойылған тізімдерін учаскелік референдум комиссиясына ұсынады. Сонымен қатар, тиісті комиссиялар республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелерде тұрғындарға танысу үшін береді.

Азаматтарға тиісті учаскелік комиссиялардың үй-жайларында өздері туралы енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», деді Қайрат Қаршығаұлы.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button