АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақта 137 дәрігер жетіспейді: мәселе әкімдік бақылауында

Қазіргі уақытта облыста жалпы тәжірибелік және бейінді мамандарды қоса есептегенде 137 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселе аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте көтерілді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Көшерованың айтуынша, университет студенттерінің тек 24%-ы ғана – облыс тумалары. Сондықтан оқу бітірген түлектердің өңірде қалып, жұмыс істеу үлесі аз.

Биыл интернатура бойынша облысқа 79 жалпы тәжірибелік дәрігер жіберілсе, оның тек 23-і – жергілікті түлектер. Сондай-ақ, 54 стоматолог келеді. Алайда олардың бір бөлігі резидентурада оқуын жалғастыруы мүмкін.

Өткен жылы өңірде 210 жас маман еңбек жолын бастады, оның 106-сы ауылдық жерлерге жіберілді. Биыл 219 дәрігер келеді деп жоспарлануда: 79 интерн және 140 резидент. Резиденттердің қатарында акушер-гинекологтар, радиологтар, невропатологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар және басқа да бейінді мамандар бар. Дегенмен, олардың көбі облыс орталығы мен моноқалаларды таңдайды, ал ауылдарға аз бөлігі ғана барады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаевтың айтуынша, кадр тартудағы маңызды тетіктердің бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы.

– Бағдарлама аясында 100 АЕК көлемінде біржолғы көтерме ақы және 2500 АЕК мөлшерінде баспана сатып алуға қаражат беріледі. Тұрғын үй мәселесі – мамандарды тұрақтандырудағы басты фактор. Мәселен, биыл Нұра ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 14 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл аудандағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді, – деді ол.

Аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағандыда өз медициналық университетінің болуы – үлкен артықшылық екенін атап өтті.

– Мақсатымыз – мамандарды тарту ғана емес, олардың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету. Ол үшін тиімді қолдау тетіктерін әзірлеу, баспанамен қамтамасыз ету және жеңілдетілген ипотека ұсыну қажет. Әр аудан бұл мәселеге ерекше мән беруі тиіс. Бірлесіп әрекет еткенде ғана мәселені түбегейлі шеше аламыз, – деді облыс әкімі.

Қазір өңірде медициналық ұйымдарды кадрмен қамтуға арналған үш жылдық жол картасы дайындалуда. Қарағанды медицина университетімен бірлесе әзірленетін бұл құжатта мамандарды бекітуге бағытталған нақты шаралар қамтылмақ. Сондай-ақ, мектептерде медициналық сыныптар ашып, оқушыларға ерте кәсіби бағдар беру жұмысы күшейтіледі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button