Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақта 1 маусымнан бастап суға түсу маусымы басталады

Төтенше жағдайлар департаменті өңірдің су қоймаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті. Осыған орай, биыл суға түсуге рұқсат етілген 89 орында 120 құтқарушы жұмыс істейтін болады.

Сурет:Яндекс Карты

Суға түсу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің 5 құтқару бөлімшеміз жұмылдырылды. Олар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск және Абай ауданында, яғни ең танымал және ірі су қоймаларының жанында орналасқан, – деп атап өтті ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ерасыл Сайпаш Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сурет:әкімдік сайтынан

Бөлімшелерде 34 бірлік техника, соның ішінде батпақ жолдармен жүретін көлік, квадроциклдер, 29 жүзу құралы, екі әуе кемесі, 30 сүңгуір жиынтығы, 50 құтқару шеңбері және 75 кеудеше бар. Жабдықтар 2024–2025 жылдары жаңартылған.

Бұдан басқа, 14 коммуналдық жағажайды абаттандыру жоспарланған, оның тоғызы толығымен дайын, тағы төртеуі аяқталу үстінде. Барлық коммуналдық жағажайлар тегін және ашық болады.

Қазіргі уақытта ұйымдастырылған демалыс аймақтарында су қоймаларының түбін тексеру және тазарту жұмыстары жалғасуда. Қауіптілігі жоғары орындарда мобильді бекеттер орнатылады, шомылу аймақтарында құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, 57 қоғамдық құтқарушыны оқыту жоспарланған. Олар жұмыспен қамту орталықтары арқылы уақытша жұмысқа орналастырылып, көпшілік демалатын орындарға кезекшілікке жіберіледі.

Мас күйінде, жабдықталмаған жерлерде суға түспеңіздер, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Егер жүзу құралдарымен су айдынына шықсаңыздар, әрқашан құтқару кеудешесін киіп жүріңіздер, сондай-ақ өз күшіңізді асыра бағаламаңыздар, – деді Ерасыл Сайпаш облыс тұрғындарына.

Суға түсуге рұқсат етілген орындар тізімін мына жерден жүктеуге болады.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button