Аймақ спортының айтулы жетістіктері
Бұқаралық спортты дамыту және қажетті инфрақұрылымды жетілдіру – облысымызда басым бағыттардың бірі. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, нақты нәтижесін беріп отыр. Сол жұмыстарды төрт негізгі индикаторға бөліп, бағалауға болады. Соның ішінде негізгі көрсеткіштердің бірі – халықты сапалы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 69,1 пайызды құрады. 2026 жылға арналған жоспарлы меже – 70 пайыз. Ал, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде спорт нысандарының саны 85 бірлікке артып, жалпы саны 1 381-ге жетті. Оның 330-ы ауылдық елдімекендерде орналасқан.

Спорт саласы толық жаңарады
Облыстың спорттық инфрақұрылымын дамыту үшін жалпы сомасы 6 миллиард теңгеден астам жоба іске асырылды. Атап айтсақ, Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде 320 орындық, Ақтоғай ауданының Сарышаған ауылында 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қарағандыдағы «Аманат» спорттық-сауықтыру кешені, Балқашта тез салынатын спорт кешені және Шет ауданының Мойынты кентіндегі футбол манежі пайдалануға берілді. Жасанды жабыны бар 85 алаң мен бес көпфункционалды хоккей корты да орнатылды. Ал, 614,1 млн теңгеге 32 спорт нысаны жөнделді. Одан бөлек, Приозерск қаласындағы 210 орындық, Ақтас кентіндегі және Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы 150 орындық ДШСК құрылысы аяқталуға жақын. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентіндегі, Бұқар жырау ауданының Қушоқы ауылындағы, Қарағанды қаласы Күнгей шағын ауданындағы ДШСК, Шет ауданы Ақсу-Аюлы селосындағы жүзу бассейнінің, Саран қаласындағы спорт кешені, Қарқаралы қаласындағы стадионның және Қарағанды қаласындағы «Өжет» спорт кешені аумағындағы қосымша спорт залдарының құрылысы жалғасуда. Облыс орталығындағы «Шахтер» орталық стадионы мен Ақтоғай кентіндегі стадион қайта жаңартылуда.
2025 жылы басталған «Спорт кластері» жобасы бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін орталық алаң болады. Қарағандыда «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының қаражаты есебінен «Шахтер» футбол академиясының құрылысы басталды. Сондай-ақ, осы жоба шеңберінде, әмбебап спорт және мұз аренасын, жеңіл атлетика манежін, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжін, сыйымдылығы кемінде 12 мың орын болатын UEFA-4 санатындағы стадион және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарлануда. Осы ауқымды идеяны жүзеге асыруға үлкен үміт артамыз. Қарағанды облысында жаңа чемпиондарды ғана емес, белсенді әрі салауатты өмір салтын таңдаған балалардың, ересектердің, ерекше тұрғындардың санын арттыратын спорт саласын толық қайта жаңғырту қажет.
Қоржынға 15 540 медаль түсті
Екінші маңызды индикатор – облыс тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдану деңгейі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 42,4 пайызды құрап, спортпен айналысатын азаматтар саны 460 459 адамға жетті. 2026 жылға арналған жоспарлы меже – 42,5 пайыз. Осыған орай, алдағы кезеңде халықты спортқа кеңінен тарту, әсіресе балалар мен жастардың, ауыл тұрғындарының спорттық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
Айта кету керек, 2025 жылы облыста бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар аясында 221 869 адамды қамтыған 3 652 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал етті. Сонымен қатар, облыстың 36 376 спортшысы түрлі деңгейдегі 986 жарысқа қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша өңір спортшылары 15 540 медаль жеңіп алды. Оның 4 899-ы – алтын. Облыс спортшыларының жетістігі ұлттық деңгейде де лайықты бағаланды. Бүгінде Ұлттық құрама сапында Қарағанды өңірінен 1 074 спортшы бар. Бұдан бөлек, облыс аумағында халықаралық және республикалық деңгейдегі 100 ірі жарыс өткізілді.
Біз өңірден шыққан спортшылардың жарқын жеңісімен мақтанамыз. Екі дүркін әлем чемпионы атанған боксшы Аида Әбікееваның жоғары деңгейдегі өнері, бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов пен күміс жүлдегер Сабыржан Аққалықовтың табысты өнер көрсетуі – облыс спортының әлеуетін айқын дәлелдейді. Сондай-ақ, Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия ойындарында чемпион атанған теміртаулық биатлоншы Владислав Киреевтің жеңісі – баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Жерлесіміз 2026 жылы Италияның Милан қаласында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын болады.
Бұдан бөлек, облыс спортшылары жүзуден өткен Азия чемпионатында 28 медаль жеңіп алып, Әлем кубогы кезеңдерінде де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Құрлықтық деңгейдегі жарыстарда да облыс спортшылары жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, теміртаулық ескекшілердің еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Батут гимнастикасынан әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша Данил Мұсабаев пен Никита Тумаковтың дуэті әлемдік рейтингте І орынға көтерілді. Сондай-ақ, Алан Құрманғалиев үстел теннисінен халықаралық жарыстардағы жеңістерімен жанкүйерлерді қуантты.
Жастар арасындағы Азия ойындарында облыс спортшылары медальдардың рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. Бұдан бөлек, біз Қазақстанның VI Жастар спорт ойындарында барлық жылдардағы ең үздік көрсеткішті тіркедік. Аталған жарыстың қорытындысы бойынша Қарағанды облысының құрамасы 159 медаль (56 алтын, 42 күміс, 61 қола) иеленіп, барлық өңір мен қала арасында IV орынға тұрақтады. Командалық есепте біздің спортшыларымыз дзюдо, батут гимнастикасы, үстел теннисі және жеңіл атлетикадан да үздік нәтиже көрсетті.
Ауыл спортына келер болсақ, «Ақ бидай» ойындары елімізде олимпиадалық жүйе бойынша, төрт жылда бір рет өткізіледі. Осы жарыста облыс құрамасы жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. 2021 жылы 14 команданың ішінде ХІІІ орынға тұрақтасақ, 2025 жылы 17 команданың арасынан IV орын иеленді. Мұндай серпіліс ауылдық жерлердегі спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарқаралы ауданының спорт бөлімі республикадағы «Ең үздік спорт бөлімі» деп танылды.
Жетістіктеріміз аз емес
Үшінші индикатор – дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан спортпен жүйелі түрде айналысатын ерекше қажеттілігі бар тұрғындардың үлесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайызды құрап, 6 052 адамды қамтыды.
Өңірде дәл осындай 119 ерекше спортшы Ұлттық құрама сапында. Облыстық мүгедектер спорт мектебінде 468 адам спорттың 18 түрімен айналысады. Оның 200-ден астамы – тірек-қимыл аппараты зақымданған, есту және көру қабілеті нашар балалар. Одан бөлек, аутист, психикалық дамуы тежелген және балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылған 200-ден астам бала облыстың бес қаласында жүзумен жүйелі айналысады. Тағы 40 бала жеңіл атлетикамен шұғылданып жүр.
Балқаш қаласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзумен 91 адам айналысады. Олардың ішінде 27 бала және 18 жастан асқан 64 азамат бар. Бұл қатысушылардың барлығы есту, көру және тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар санатына жатады. Сонымен қатар, Абай қаласында жүзу және бочча сабақтарына 20 бала тартылды. Жыл қорытындысы бойынша 32 ерекше спортшы 13 халықаралық жарысқа, ал, 217 спортшы 21 республикалық стартқа қатысып, өңір намысын абыроймен қорғады.
Қазақстанның VII спартакиадасында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында спорттың 14 түрі бойынша облыс өкілдері жоғары нәтиже көрсетіп, 83 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 51-і – алтын, 20-сы – күміс және 12-сі – қола медаль. Сонымен қатар, Руфат Хабибуллин жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қарағанды облысының спортшылары Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында да жоғары нәтиже көрсетіп, бес медаль жеңіп алды. Теміртаулық дзюдошы Еркебұлан Қанафин жеке және командалық есепте екі алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, есту қабілеті шектеулі спортшылар арасында таэквондошы Аян Әбдіраш, Айжамол Абдикатова және Аида Макатова қола медаль жеңіп алды.
Ойындардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 81 ел арасында ІХ орынға тұрақтап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды.
Төртінші индикатор – дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдерді (3-18 жас) қамту. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш облыста 30 пайызды құрап отыр. Ал, 2026 жылға арналған жоспар – 31 пайыз. Бүгінгі күні өңірде 39 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда 28 485 бала спортпен айналысады. Оның ішінде 5 984 бала ауылдық жерлерден, 1 800 көпбалалы отбасынан шықса, 207-сі ата-анасынан айырылғандар санатынан. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептерде 64 826 бала 4 350 спорт секциясына қатысады. Колледждерде 8 060 студент 205 секцияда, балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында 1 813 адам 12 клубта, ал, жоғары оқу орындарында 14 237 оқушы 109 секцияда спортпен айналысады.
Өңірде 38 378 адам ұлттық спорт түрлерімен айналысады. 2025 жылы Пардубице қаласында (Чехия) тоғызқұмалақтан жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Әділхан Төлегенов ІІІ орын алып, Әлем кубогында күміс медаль жеңіп алды. Алматыда оқушылар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Сол чемпионатта қарағандылық шахматшы Мирас Аманжол (U-17) классикалық түрінен ІІ орын, Нұрай Мұздыбаева (U-15) блиц түрінен қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстанның оңтүстік астанасында жасөспірімдер арасында VII Азия чемпионатында бақ сынаған қарағандылық Балғын Қожанәсіп 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында классикада чемпион атанды. Ерқанат Молдағұлов Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, Олжас Исаханов Әлем Кубогында ІІІ орынды иеленді. Ал, Айша Баймырза 17-21 тамыз аралығында Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасында дәстүрлі садақ атудан Әлем чемпионатында II орын алды.
Түйін
2025 жылдың қазанында Қарағандыда Қазақстанда алғаш рет П.Ф.Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің (Санкт-Петербург) жетекші мамандарының қатысуымен «Білім беру саласындағы спортты дамытудың базалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оған Қазақстан спортының 300-ден астам өкілі қатысты. Іс-шара дене шынықтыру және спорт саласында инновациялық білім беру, ғылыми және сауықтыру технологияларын кәсіби дамытуға және енгізуге ынталандыруға бағытталды. Нәтижесінде, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің базасында аталған пәндер бойынша микроквалификациялардың жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Бұл – отандық кадрларды, атап айтсақ, спорт менеджерлерін, спорт дәрігерлерін және спорт психологтарын толық көлемде даярлауға зор мүмкіндік.
2025 жылы өңірде спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де бар. Алдағы уақытта мүмкіндігінше көп адамды спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту қажет. Әрі чемпион шығару үшін әлі де көптеген жобаны жүзеге асыру қажет.
Серік СӘПИЕВ,
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы



