Аймақ спортшыларының аламаны
Саран қаласында үш күнге ұласқан «Арай-2025» қалалар арасындағы жазғы спартакиада өтті. Аймақ спортшылары бас қосқан додада әр қаланың намысын қорғаған қатысушылар өзара бақ сынап, жүлдені сарапқа салды.

Спорт бәсекесінің бағдарламасы кең ауқымды қамтыды. 13 спорт түрінен сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар қол күрес, қазақ күресі, жазғы президенттік көпсайыс, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, кір тасын көтеру, арқан тарту, шағын футбол, волейбол (ұлдар және қыздар), үстел теннисі, асық ату және жеңіл атлетика бойынша сынға түсті. Аталған бағыттардың әрқайсысына да қатысушылар тыңғылықты дайындалып, жоғары ойын мәнерін көрсетті. Көңілді көрермендер мен жанқияр жанкүйерлер де қиқулап, спартакиаданың көрігін қыздырды. Айта кетерлігі, сайысқа облыс қалаларында бір жылдан артық тұратын, 18 жастан жоғары спортшылар қатыса алады.
Тартысқа толы бәсекенің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздіктер көш бастады. Қарағанды қаласының спортшылары бірінші орын иеленіп, аймақ спортындағы кәнігілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екінші орынды Теміртау қаласы иеленсе, үшінші орынға Шахтинск қаласы жайғасты.
«Арай-2025» – облыстың әр қаласында жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жарыстың соңында жазғы спартакиаданың эстафетасы Балқаш қаласына табыс етілді.
Шынықсаң – шымыр боласың. Спортпен шұғылданғандардың ғұмыры да шұғылалы болары кәдік. Спартакиада аймақтағы бұқаралық спортты өркендетіп, оны кеңінен насихаттауға, сондай-ақ, қалалар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосатыны анық.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»