Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміздің әр өңірінде нақты экономикалық және әлеуметтік жобалар арқылы жаңа даму кезеңіне өту міндеті қойылған болатын. Президент тапсырмалары аясында аймақта құрылыс, сәулет және қала құрылысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыс орталығы, қалалар мен ауылдардың келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасуда. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бойынша айтарлықтай жетістіктер бар.

Құрылыс қарқынды
Президент Жолдауы – ел дамуындағы нақты істерге жол ашатын маңызды құжат. Онда айтылған бастамалар әр өңірге тікелей қатысты, себебі, негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту. Ендігі міндет – Жолдаудағы міндеттерді өңірлік деңгейде іске асырып, оның тұрғындар үшін нақты пайдасын көрсету.
Қарағанды облысында да Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асуда. Өңірде өнеркәсіпті жаңғырту, жаңа өндірістер ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салынуда, демалыс және мәдени орындардың саны артып келеді. Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге оң әсерін тигізіп отыр. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті экономиканың нығаюына ықпал етуде.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Қарағанды облысында құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 754,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 109% физикалық көлем индексімен артық. Қаңтар-шілде аралығындағы нақты көрсеткіш – 320,6 млрд теңге, ал, тамыз айының қорытындысымен 373,6 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.
– Құрылыс – экономика мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын стратегиялық сала. Бұл – азаматтардың өмір сапасын арттырудағы негізгі бағыттың бірі. Біз инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, әр отбасыға жайлы жағдай жасауды көздейміз, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 548 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның 80%-ға жуығы – жеке инвестициялар есебінен бой көтеріп жатқан коммерциялық үйлер. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 351,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3%-ға артық.
Биыл 1488 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде, 155 пәтер – арендалық, 1103-і – сатып алу арқылы берілетін, 230-ы – несиелік пәтерлер.
Бұл мақсатқа 16,9 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 41 пәтер сатып алынған. Жыл соңына дейін 1103 отбасы жаңа баспанаға ие болады деп күтілуде.
Әлеуметтік құрылыс әлеуеті
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту міндеті қойылып келеді. Қарағанды облысы бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бері 92 нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың 26-сы – 2023-2024 жылдары аяқталса, 49-ы – 2025 жылы тапсырылған. Қалған 17-сі қыркүйекте аяқталады.
Сонымен қатар, Балқаш қаласындағы ангиографиялық қондырғыны орналастыру үшін ғимарат құрылысы жүргізілуде. Өрт сөндіру депосының құрылысы басталса, архив, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтеруде.
– Президент Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысында жаңа форматтағы 4 мектеп пайдалануға берілді, қалғандары жыл соңына дейін тапсырылмақ. Сонымен қатар, 200 орындық мектеп пайдалануға беріліп, 2 мектепке жапсарлас құрылыс жүріп жатыр. Бір мектеп толықтай жаңғыртылу үстінде болса, одан бөлек, бір спортзал салынуда, – деп толықтырды Саян Мұратұлы.
Келесі жылдарға да ауқымды жобалар жоспарланғанын атап өту керек. Нақтырақ айтсақ, 200 орындық заманауи перинаталдық орталық (Қарағанды), төтенше жағдайлар бойынша оқу-жаттығу орталығы, 320 орындық балабақша, 600 орындық жаңа мектеп және балалар шығармашылық орталығы.
Қалалар мен ауылдар – заманауи келбетке ие
Қала келбетін көркейту – елдімекендер дамуындағы басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысының барлық 359 елдімекені, оның ішінде, 8 қала мен 351 ауыл жаңа бас жоспармен қамтылған. Бұл – 100% көрсеткіш.
2025 жылы Қарағанды қаласының бас жоспары ҚР Үкіметінің 30 шілдедегі №575 Қаулысымен бекітілді. Қазір Теміртау, Приозерск және Абай қалаларының бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Қазір Қарағанды қаласының өзінде ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Мәселен, 4 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені, стадион, бассейн, мәдениет үйлері мен «Шахтер» стадионының реконструкциясы басталған.
– Бұдан бөлек, Әлихан Бөкейхан ауданының орталығы Майқұдықтағы жаңа мәдениет және шығармашылық орталығының құрылысы қолға алынғанын атап өткен жөн. Жер телімі бөлінген. Құжаттамасы бекітілді. Биыл құрылыс жұмысы басталады. Екі жылдың ішінде аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда осы бағытта нысан салынатын мекенжайдағы тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, орталықтың мән-маңызы жайлы түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысына кедергі келтіретін ағаштарды кесу және орнына басқа жерден тал егу жұмысы да пысықталу үстінде, – деп атап өтті басқарма басшысы Саян Мұратұлы.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тұрғындармен ашық диалог орнатуға үнемі ерекше мән беріп келеді. GOV.KZ ресми сайты, Instagram, Facebook парақшаларында сұрақтарға жауап беріледі. Сонымен қатар, E-otinish жүйесі арқылы да өтініштер қабылданып, жылдам қаралатынын атап айту керек.
Түйін
Байқасақ, облыс аумағында жаңа тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар, жаңғыртылған инфрақұрылым, қаланың жаңарған келбетін қалыптастырудағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы – әділетті әрі дамыған елдермен терезесі тең Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдардың жемісі.
Бұдан бөлек, сала мамандары Қарағанды қаласында демалыс орындарын, мәдени орындарды салып, кәсіп дөңгелеткісі келетін азаматтарға, қолдау көрсетуге дайын екендігін айтады. Себебі, Қарағандыда сырттан келген қонақтарды апаратын, рухани демалатын орындар аз. Сондықтан да, қалталы азаматтарды мемлекетке қол жая бермей, кеншілер астанасын көркейтіп, елдің рухын көтеруге атсалысуға шақырады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»