Жаңалықтар

Қарағанды мен Балқаштағы кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жобаларына қаржы бөлінеді

Облыстық мәслихаттың кезекті XXIX сессиясында депутаттар аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың атқарылған жұмыстары жөніндегі есеп беру баяндамасын тыңдап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру барысын талқылады. Сессия жұмысына облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов төрағалық етіп, әлеуметтік-экономикалық даму бойынша маусымдық қорытындылар шығарылды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Президент тапсырмалары нақты іске асуда

Талқылау барысында жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірістік, құрылыс және энергетика салаларында жаңа жобаларды іске қосу, туризмді дамыту, жоғары технологияларды енгізу және экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллектті тиімді пайдалану мәселелері көтерілді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты сипатқа ие. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және құрылыс салаларындағы өсім айқын байқалуда. 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 9 триллион теңгеден асқан. Аймақ бюджетіндегі негізгі үлес әдеттегідей әлеуметтік салаға, оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік көмекке бағытталған.

– Президент Жолдауында өңдеуші өнеркәсіпке ерекше екпін берілді. Бұл бағыт Қарағанды өңірінде нақты жүзеге асып жатыр. Қазіргі таңда өңдеуші өнеркәсіп жалпы өндірістің 76 пайызын құрайды. Бұл саланың тірегі – металлургия. «Qarmet» компаниясы болат өндірісін 6,9 пайызға, шойынды – 6 пайызға, ал «Kazakhmys Smelting» мыс өндіруді 7,7 пайызға арттырды. Машина жасау саласында 2025 жылдың 8 айында өндіріс көлемі 312,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 10,5 пайыз өсім көрсетті. Индустриялық аймақ құру арқылы Саран қаласы моноқала мәртебесінен шығып, жаңа жұмыс орындары ашылды, экономика әртараптандырылды, – деді аймақ басшысы.

Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, маусым айында облысқа Премьер-Министр Олжас Бектенов сапарлап келіп, жаңа өндірістерді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берген. Бұл тәжірибе басқа аймақтарда да қолданылатын болады.

Дерекке сүйенсек, биыл Қарағанды және Саран қалаларында үш шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады. Теміртау мен Балқаш қалаларында «Qarmet» пен «Kazakhmys» компанияларымен бірлесіп, жаңа өндірістік алаңдар ашу жоспарлануда. 2025 жылдың 8 айында облыс экономикасына 644,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға артып отыр.

– 2025 жылдың соңына дейін жалпы құны 29 жобаны іске қосып, 2 500 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қазіргі таңда 20 жоба іске қосылып, 2 053 жұмыс орны ашылды. 2030 жылға дейін жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 120 жобаны жүзеге асыру арқылы 20 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған, – деді аймақ басшысы.

Аймақ экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі де артып келеді. Қазір бұл салада 235 мың адам еңбек етуде, бұл – кеншілер өлкесіндегі әр екінші жұмысшы. Биылдың өзінде депутаттардың қолдауымен облыстық бюджеттен шағын және орта бизнесті қолдауға 3,3 млрд теңге бөлінген. Субсидия, кепілдендіру, грант түріндегі қолдаулар арқасында кәсіпкерлердің табысы 14 пайызға артты.

Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы да тұрақты даму үстінде. Атап айтсақ, ет өндірісі – 5,3 пайызға, сүт 1,8 пайызға өскен. Биылғы егіннен шамамен 970 мың тонна астық алу күтілуде. Бұл салада 31 жоба жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде жүздеген жұмыс орны ашылады. Нұра мен Осакаров аудандарында салынып жатқан сүт-тауар фермалары өңірдің шикі сүтке деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап айту керек.

Агроөнеркәсіп кешенінде жеңілдетілген несиеге 11 млрд теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 296 несие беру жоспарланыпты. Тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған инвестиция көлемі үш есе өсті.

Сессияда тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, ауылдық аймақтарды орталықтандырылған сумен қамту, инженерлік және газ тарату желілерін жаңарту мәселелері де назардан тыс қалмады. Мәслихат депутаттары мектеп, балабақша, аурухана, спорт нысандарының құрылысы мен жөнделуіне тұрақты бақылау жүргізуде.

Сапалы өмір – басты мақсат

Облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі Мира Махатчина өңірдің су ресурстарын қорғау мәселесін көтерді. Оның пікірінше, климаттың өзгеру жағдайында суды ұтымды пайдалану, өзен-көл арналарын тазалау және тереңдету, тасқын және еріген суды жинау үшін арнайы инженерлік жүйелер қажет. Бұл жұмысты мектептен бастап, тұрмыста да, өндірісте де үнемдеу мәдениетін қалыптастырумен қатар жүргізу аса маңызды.

Ал, депутат Асқар Оразбеков жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық елдімекендерде интернет пен байланысқа қолжетімділік деңгейін көтеру керек.

– Барлық қала мен аудан орталықтары байланыспен қамтылған, Қарағандыда 5G бар. Алайда, 342 ауылдың ішінде тек 144-інде ғана сымды интернет бар, 94 ауылда мүлде мобильді байланыс жоқ. Бұл – ауыл халқының жартысына жуығын қамтиды. Себептері – халық тығыздығының төмендігі мен операторлар үшін экономикалық тиімсіздік. Дегенмен, цифрлық байланыс – мемлекеттік қызметтерге, білім мен телемедициналық мүмкіндіктерге қол жеткізудің кілті екенін атап өту керек, – деді депутат.

Оның ұсыныстары қатарында шалғай ауылдарға интернет тартуға арналған субсидиялар, жол бойларына антенна-мачталық құрылымдар орнату, 5G желісін дамыту, спутниктік технологияларды енгізу бар. Фермерлерге арналған цифрлық платформаларға қолжетімділікті де кеңейту қажет.

Сонымен бірге, депутат Ермек Әбілдин азықтүлік бағасын тұрақтандыру мәселесіне тоқталып, тұрақтандыру өнімдерінің жеткізілуін және бағаны онлайн бақылауға мүмкіндік беретін арнайы цифрлық платформа құруды ұсынды. Одан бөлек, ауылдарда әлеуметтік павильондар санын арттырып, мобильді сауда автолавкаларын іске қосу арқылы азықтүлікке қолжетімділікті арттыру қажет екенін айтты.

Туризм саласындағы әлеуетке тоқталған депутат Серғазы Әдекенов Балқаш, Қарқаралы демалыс аймақтары мен Қарағанды қаласының іскерлік туризм орталығы ретіндегі маңызын атап өтті. Айтуынша, Абай, Бұқар жырау, Ақтоғай және Осакаров аудандары да табиғи байлықтарының арқасында болашағы бар бағыт ретінде танылған.

– 148 демалыс орны мен 26 жағажай тексеріліп, 60 санитарлық рұқсат берілді. Карқаралы мен Абай аудандарындағы жолдар жөнделіп, «Қарағанды-Балқаш» бағыты бойынша пойыздар саны артты. Балқаш әуежайы қайта жаңғыртылып, Балқаш, Қарағанды және Қарқаралыда туристік орталықтар ашылды. Экотуризм, этнотуризм, агротуризм және өндірістік туризм бағыттары дами түсуде. «Балқаш Tourfest» фестивалі мен «Bugyly Trail» марафоны мыңдаған адамды тартып отыр, – деді ол.

Сонымен бірге, Серғазы Әдекенов инфрақұрылымға қосымша қаржы бөлу, туристік полиция құру, инвесторларға жеңілдіктер беру сынды бастамаларды көтерді. Биыл салаға 22,6 млрд теңге инвестиция тартылып, ішкі туристер саны 448 мыңға, ал, шетелдік туристер 38 мыңға жетеді деп күтілуде. Бүгінде 2026-2028 жылдарға арналған жаңа Жол картасы әзірленіп жатқан көрінеді.

Сессия соңында облыстық бюджет нақтыланып, Қарағанды мен Балқаш қалаларындағы кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жобаларына мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қаржы бөлу мақұлданды. Сонымен қатар, жалпы су пайдалану ережелері бекітіліп, депутаттық мандаттардан өз еркімен бас тартқан Аян Әбдікәрімов пен Ләззат Қожахметованың өкілеттілігін тоқтату туралы шешім қабылданды.

Сөз соңында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев депутаттарға жемісті жұмыс үшін алғыс айтып, Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттің толық орындалатынына сенім білдірді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалану – өкілетті және атқарушы билік органдарының басты міндеті екенін айрықша атап өтті.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button