Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақ экологиясы назарда

Жуырда облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қанат МҰСАПАРБЕКОВТІҢ төрағалығымен «Қоршаған орта сапасы – тұрақты даму кепілі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Бұған облыстағы 17 ірі кәсіпорынның өкілдері қатысып, баяндама жасады. Облыс экологиясын жақсарту мақсатында экология департаментімен бірлесіп жасалған іс-шаралар аясында қадағалау жүргізіліп, түйінді мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатқанын айтты.

 – Бүгінде қоршаған ортаны қорғау қадамдары адамзаттың табиғатпен үйлесімді өмір сүруі тұрғысынан қарала бастады. Қоршаған орта – адамзаттың алтын бесігі. Біздің мақсатымыз – экологияның ластануымен күресу, ауаға таралатын лас ауаның мөлшерін азайтуға жұмыла жұмыс істеу. Елімізде өндіріс көлемі ұлғайған сайын экология мәселесі өзекті күйінде қалуда. Адам ауруы арта түсуде. Бұл экологтарды ғана емес, қарапайым азаматтарды да ойландырады. Облысымызда 17 ірі кәсіпорын бар. Өткен жылы ауаға таралатын лас қалдықтар 19 мың тоннаға төмендетілді. Биылғы жылы да бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жасап жатырмыз, – деді облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Осы күні келелі мәселелерді талқылауға келген эколог мамандар өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды.

Айта кетейік, облысымызда ауаға тасталған зиянды заттардың жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда азайған. Дегенмен, Балқаш, Теміртау және Қарағанды қалалары ең лас қалалардың санатында қалып отыр. Ауаға тасталатын зиянды заттардың 80 пайыздан астамы осы қалалардың үлесінде екен.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button