АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақ дамуының басты бағыттары айқындалды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті XXXII сессиясы күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет саясатына, экология, аумақтық жоспарлау және кадрлық мәселелерге қатысты 19 мәселені шығарды. Облыстық мәслихат төрағасы ­Нұркен Кобжанов және облыстық мәслихат депутаттары 2026-2030 жылдарға арналған аймақты дамыту бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялық жоспарды бекітіп, 2026 жылға арналған облыс­тық бюджетке нақтылаулар енгізді. Қаражаттың басым бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталады.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Бюджет басымдығы және инвестициялық серпін

Дерекке сүйенсек, нақтыланған бюджет жобасы облыстық бюджет комиссиясының, облыс әкімдігінің, қоғамдық кеңестің отырыстарында, сондай-ақ мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен жиынында жан-жақты қаралған. Құжатта республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және 2025 жылғы бюджеттің орындалу қорытындылары ескерілгені де айтылды.

– Бөлінген қаражат есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол-көлік инфрақұрылымы және әлеуметтік нысандарды салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша бірқатар жобалар іске асырылады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы жолаушылар тасымалына, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп секторына және туризмге қолдау жалғасады. Сонымен бірге, табиғатты қорғау іс-шаралары мен коммуналдық меншік мүлкін тиімді басқару бағытындағы жұмыстар көзделіп отыр, – деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.

Басқарма басшысының айтуынша, нақтыланған бюджет жобасының негізгі ерекшелігі – қайта бөлудің 90,8%-ы нақты экономикалық секторға бағытталғаны, 3,2%-ы әлеуметтік салаға, ал 6%-ы ішкі істер органдары, жұмылдыру дайындығы және қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметін қолдауға бөлінгені.

Ал, әлеуметтік салада бюджет қаражаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге, жұмыспен қамтуды қолдауға, мәдениет, ішкі және жастар саясаты бағыттарындағы іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалады.

Нақтырақ айтсақ, бекітілген жоспар 2026-2030 жылдары жүзеге асырылатын 245 іс-шараны қамтиды. 2026 жылдың өзінде 184 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр.

Еліміздің даму стратегиясы аясында төрт негізгі бағыт айқындалған. Олар – «Экономиканың берік іргетасы», «Өсудің жаңа нүктелері», «Жоғары өмір сүру сапасы» және «Экономика мен қоғамның толассыз өзгерістері». Аталған басымдықтар 27 кешенді ұлттық индикаторды, 22 нысаналы индикаторды және 66 нақты көрсеткішті қамтиды.

«Экономиканың берік іргетасы» бағыты бойынша 10 іс-шара қарастырылса, «Өсудің жаңа нүктелері» бағыты аясында 30 жоба іске асырылмақ.

Ең ауқымды бөлігі – «Жоғары өмір сүру сапасы» бағыты. Бұл бағытта 155 іс-шара жоспарланып отыр. Ал, «Экономика мен қоғамның толассыз өзгерістері» бағыты бойынша 10 іс-шара көзделген. Сонымен қатар, өзге бағыттар шеңберінде 40 іс-шараға қаржы қарастырылған.

– Инвестициялық жоспар өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өсуін қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы бізге стратегиялық міндеттерді жүйелі түрде орындауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Қоршаған ортаны қорғау және инфрақұрылымды жаңарту

Сессия барысында депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы есепті де қарады. Өткен жылы Үлкен Бұқпа, Нұра, Соқыр, Тоқырауын өзендерінің арналары санациядан өтіп, Тоғызқұдық және Жастілек гидротехникалық нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалаларында және бірқатар аудандарда 2026-2027 жылдары пайдалануға берілетін 15 тазарту құрылысы мен кәріз желілерін салу және реконструкциялау жобалары жалғасып жатыр. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев мәлімдеді.

Абай қаласында сұрыптау желісімен жабдықталған заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Өңірде орман алқаптарының аумағын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және өзге де экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.

Атап айтсақ, орман алқаптарын кеңейту және экологиялық мәдениетті насихаттау бағытында 2,1 млн көшет отырғызылып, 7 750 келі орман тұқымы жиналып, 6 экологиялық акция өткізілген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қолға алған 16 іс-шара бойынша 39 тұрғын үйдегі үйішілік жылыту жүйелері қалпына келтірілген. Ақтоғай, Дубовка, Доскөй, Ақсу-Аюлы елдімекендерінде және Балқаш, Абай қалаларында кәріз желілері мен тазарту құрылыстары қайта жаңғыртылды. Қарағанды қаласындағы Индустриялық парк инфрақұрылымы және Совхозная көшесіндегі кәріз желілерін реконструкциялау сияқты күрделі жобалар жүргізілуде. Одан бөлек, қалалар мен аудандарда 125 жаңа контейнерлік алаң орнатылып, қауіпті құрамдас бөліктерді жинау үшін 1 995 контейнер пайдалануға берілген.

– Былтыр жыл бойы атқарылған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау іс-шараларының маңызды нәтижелерін көрсетті. Су қоймалары мен өзен арналарын тазарту, бөгеттерді жөндеу, орман қорын молықтыру, тұрғын үй-коммуналдық желілерді жаңғырту және қауіпті қалдықтарды жинау арқылы экологиялық қауіпсіздік деңгейі артты. Дегенмен, кейбір жобаларды, оның ішінде, суды қорғау және кәріз желілерін салу бағытындағы жұмыстарды 2026 жылға қалдыруға тура келді. Бұл алдағы жылдағы жұмыстарға нақты бағдар береді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Экологиялық іс-шаралардың маңызды бөлігі ретінде қаржыландыруды тиімді пайдалану мен жобаларды уақытында аяқтау бақылауға алынған. Су және орман ресурстарын қорғау, қалдықтарды жинау және экологиялық білім беру бойынша жүргізілген жұмыстар экологиялық мәдениетті көтеруге, топырақ пен су сапасын жақсартуға, қалалар мен аудандарда санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізіп келеді.

Приозерск – болашақ туристік орталық

Қала құрылысы мәселесі аясында Приозерск қаласының бас жоспарының жобасын бекіту туралы мәселе қаралды. Бұл бойынша қала әкімі Мансұр Ахметов баяндама жасады.

Облыстық мәслихат депутаттары Приозерск қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен ұштастырылған Бас жоспарына енгізілген түзетулерді бекітті. Енгізілген түзетулерге сәйкес, жаңа жағалау аймағы, абаттандырылған жағажайлар, су бойындағы дәмханалар, жағалау бойымен тартылған веложолдар және концерттер мен спорттық турнирлер өтетін ауқымды жастар саябағы бой көтеріп, болашақта туризмге басымдық беретін қала ретінде Приозерск осындай келбетке ие болмақ. Құжат 2038 жылға дейі­нгі кезеңді қамтиды және заманауи туристік-рекреациялық ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ, қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.

Қала әкімінің айтуынша, Жоспар Приозерск қаласының стратегиялық орналасуын, Балқаш көлінің Қоржынтүбектегі жағалау аймағын, сонымен қатар облыстық және республикалық маңызы бар жолдарға қашықтықтарын ескереді. Бүгінгі таңда қала халқының саны 10 600 адамды құраса, қаланың жалпы аумағы – 5 452 га, жобаланатын аумақ – 1 173,5 га.

Бас жоспар қаланың функционалдық аймақтарын, тұрғын үй, өндірістік, қоғамдық-іскерлік және көлік инфрақұрылымын толық қамтиды. Жоспар бойынша 2027-2038 жылдар аралығында қаланың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтіліп, 3 жаңа балабақша, 2 мектеп, 1 колледж, 150 төсек-орындық медициналық корпус және 2 500 шаршы метрлік дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Сонымен қатар, мәдени-демалыс орталығы, әкімшілік ғимарат, банк бөлімшелері, сауда және қоғамдық тамақтану нысандары бой көтереді. Жобада қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының жалпы сыйымдылығы есептік мерзімде 258 орынға дейін ұлғайтылмақ.

Жоспарда инженерлік инфрақұрылым мен коммуналдық жүйелерді жаңғырту маңызды орын алған. Электрмен жабдықтау 10/0,4 кВ желілері арқылы кезең-кезеңімен модернизацияланады, су құбыры желілері 2028 жылға дейін жаңартылып, жаңа желілер салынбақ. Кәріз жүйе­сі қайта жаңғыртылып, жылу қазандықтары қуат резервімен жобаланады. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардан қорғау жүйесі әзірленіп, әуежай маңы аумақтарының қауіпсіздігі мен регламенттері ескерілген. Барлық іс-шаралар қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрақты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.

Негізгі басымдық жағалау аумағына берілген. Ұзындығы шамамен жеті шақырымды құрайтын демалыс аймағы кешенді түрде абаттандырылмақ. Жоба аясында жағажайлар, көлеңкелі шатырлар, жарықтандыру және көгалдандыру жүйелері, балалар алаңдары және өзге де абаттандыру жұмыстары қарастырылған.

– Приозерск елеулі табиғи және мәдени әлеуетке ие. Біз туризмді қаланы дамытудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырамыз және Приозерскіні заманауи туристік орталыққа айналдыру жолында нақты қадамдар жасап отырмыз. Бас жоспарға енгізілген түзетулер саланың ұзақмерзімді даму әлеуетін ескере отырып әзірленді және қалалық ортаны кешенді әрі орнықты дамытуға бағытталған, – деп атап өтті қала әкімі Мансур Ахметов.

Қаланың батыс және шығыс бөліктерінде әрқайсысының аумағы шамамен 20 гектарды құрайтын демалыс аймақтарын салу жоспарланып отыр.

Маңызды жоба – жастар саябағы. Саябақтың аумағында спортпен айналысуға, би билеуге және концерттер өткізуге арналған алаңдар қарастырылған. Саябақ арқылы негізгі демалыс аймақтарын байланыстыратын жағалау желісі өтеді. Бұл жоба қаланы кезең-кезеңімен дамытуды, аумақты толық игеруді және тұрғындардың әлеуметтік әрі тұрғын үй жағдайларын жақсартуды көздейді.

– Приозерскінің жаңа Бас жоспары – қаланың болашағына арналған стратегиялық көзқарас. Мұнда туристік әлеуетті дамытуға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға, қолжетімді мектептер мен балабақшалар салуға, заманауи индустриялық аймақтар құруға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға басымдық берілген, – деп атап өтті аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, инженерлік коммуникациялар қуат резервімен жобаланады. Ал, жаңбыр және еріген қар суларын бұру үшін жергілікті ағын суларды сорып әкететін коллекторлі кәріз желісін салу жоспарланған.

***

Сессия барысында кадрлық және сайлау мәселелері де назардан тыс қалмады. Қарағанды аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін сайлау туралы мәселе бойынша уақытша жұмыс тобының төрағасы Арман Әлімжанов баяндады.

Тұрақты комиссиялардың 2025 жылғы жұмыстары туралы есептер тыңдалды. Атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі, бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмысы туралы баяндамалар назарға ұсынылды. Құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі һәм депутаттық өкілеттік, этика, заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның да 2025 жылғы жұмысы қорытындыланды.

Сонымен бірге, бақылау-қадағалау бағытында «Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің ережесіне өзгерістер енгізу және аталған комиссия мүшесі А.Құтжанованы қызметінен босату мәселелері де қаралды.

Қарағанды облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережені бекіту, сондай-ақ, бірқатар бұрын қабылданған шешімдерге өзгерістер енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады.

Облыстық мәслихаттың кезекті XXXII сессиясын қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарушы органдар мен депутаттардың үйлесімді әрі тығыз өзара іс-қимылы өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі шарты екенін атап өтті.

Осылайша, кезекті XXXII сессияда өңірдің стратегиялық дамуы, бюджет саясаты, экология, аумақтық жоспарлау, комиссиялар құрамы мен ұйымдастырушылық құрылымға қатысты маңызды шешімдер қабылданды.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов қабылданған шешімдер мен бекітілген жоспарлардың іске асырылу барысы депутаттардың тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір құжаттың орындалуы заң талаптарына сәйкес қадағаланып, жүйелі түрде талданып отырады. Бұл бағытта мәслихат тарапынан тиісті мониторинг және бағалау тетіктері қолданылмақ. Сондай-ақ, қабылданған міндеттемелердің сапалы әрі уақытылы орындалуына айрықша назар аударылатыны да баса айтылды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button