Аймақ дамуы Астана төрінде таразыланды
Қарағанды бүгінде еліміздің индустриялық жүрегі ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, кәсіпкерлік кең қанат жайған өңірге айналды. Аймақтың орналасқан орнының өзі – оны аса ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдыруға негіз. Ал, табиғи алуандығы туристік әлеуетін қарқынды дамытуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі түпқазық ретінде облыс экономикасын әртараптандыруға үлкен сеп болды. Соның арқасында өңірдің келбеті мен тыныс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алуда. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтың биылғы тоғыз айдағы көрсеткіштерін сөз етті. Сонымен қоса, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ретімен тарқатайық.
Өңір экономикасында өсім бар
Жыл басынан бері облыстың экономикалық көрсеткіші 113,1%-ға жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 триллион теңгеден асты. Оның 2,2 триллионы – өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл ретте аймақ басшысы өңіріміздегі аса ірі кәсіпорын – Qarmet компаниясының орны ерекше екенін атап өтті.
– Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен негізгі инвесторы ауысып, кәсіпорында жаңғырту жұмыстары басталғанын білесіздер. Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша шойын, құрыш пен жалпақ прокат өндірісі 12%-дан 21%-ға дейін өсті. Жаңа инвестор жұмысқа кіріскенде сегіз шахтаның үшеуі ғана жұмыс істеп тұрған еді. Қазір олардың саны жетіге жетті, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кеншілердің қауіпсіздігі үшін іздеу және позициялау жүйесі енгізілді. Қазір бұл жүйе «Қазақстан» және Күзембаев атындағы екі шахтада жұмыс істейді. Келесі жылы барлық шахталар қамтылмақшы.
Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыстың экономикасына 679,1 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 14,6%-ға артық.
– Облыста жаңа екі кәсіпорын ашылады. Жалпы, жыл соңына 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған тағы сегіз жобаны іске қосамыз. Бұл 2600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың қатарында мыс және ферросилиций өндіретін зауыттар бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аграрлы аймақ болуға мүмкіндік зор
Аграрлық сектор аймақтың атын шығаратын жетекші салалардың біріне айналып келеді. Облыс ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша республикада 7-орынға табан тіреген. Біздің шаруалар аймақты ғана емес, Елорданы да азықтүлікпен қамтып отыр. Оның үстіне биыл аймақ диқандары рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 1 миллион 300 мың тонна астық қамбалады. Мұндай көрсеткіш соңғы 13 жылда болмағанын атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.
– Аграрлық өнеркәсіп кешенінде жыл соңына дейін 23 млрд теңгеден астам сомаға 30 инвестициялық жоба іске асырылады. Ауылдарды дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағдарламаның тиімділігін атап өтті. Біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 483 шағын несиеге 4,4 млрд теңге бөлінді. Оның жартысы мал шаруашылығын дамытуға, қалған бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес жобаларына бағытталған. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды, – деді облыс әкімі.
Ол ауыл шаруашылық кооперациясын қолдауға мысал ретінде Ақтоғай ауданындағы «Saq NS» СК неміс технологиясы бойынша бие сүтін өндіретін цехты, Қарқаралы ауданындағы «Мәди-Агро 7» СК ет өнімдері өндірісін атады.
Кәсіпкерлікке кең өріс
Аймақтың 230 мыңнан астам тұрғыны шағын және орта бизнеспен айналысады. Бұл әр екінші қарақандылықтың кәсіпкерлікпен айналысатынын көрсетеді.
– Қарағанды тек көмір және болат шығаратын алып өндіріс ошағы деген стереотип қалыптасты, – деді өңір басшысы. – Бірақ соңғы он жылда экономика құрылымы жаңарды. Бүгінгі таңда Қарағанды – сауда мен қызмет көрсету саласының үлесі жоғары орталыққа, агломерацияның негізіне айналды. Кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау септігін тигізуде.
Облыс әкімі мысал ретінде «Іңкәр 1» металл өңдеу кәсіпорнын келтірді. Мемлекеттің көмегі арқасында ол әу бастағы бес жұмыс орнын 115-ке дейін көбейтті.
– Біз елімізде алғашқылардың бірі болып бөлшек салықты 2%-ға дейін төмендеттік. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің, бөлшек салық төлеушілердің саны 16 есе өсіп, 2,5 мыңға жетті. Осы жылдың 8 айында шағын және орта бизнестің салықтық түсімдері 16%-ға артты, – деп толықтырды Ермағанбет Бөлекпаев.
Мүмкіндікті арттырған логистика
Логистика – Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, өңірдің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі. Ол – облыс пен елдің экономикалық тұрғыда дамуындағы маңызды драйвер. Сондықтан, аймақта бұл салаға да баса назар аударылып отыр. Қарағандыда электрондық сауда үшін заманауи сауда-логистикалық қойма ашылады. Облыстың екі әуежайы жаңғыртылады. Облыстық, республикалық маңызы бар жолдар жөнделеді. Мұның барлығы – өңірдің логистикалық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған шаралар.
Қыркүйек айында Қарағандыда Teez маркетплейсі жұмысын бастады. Қойма терминалдың ашылуы өңірдегі электронды сауданың дамуын жеделдетті. Платформа жылына 27 миллион тапсырыс алады. Бұл бастаманың арқасында бизнесті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Ал, халықаралық логистиканы дамыту үшін жергілікті әуежайды жаңғырту қажет. Аймақ басшысы атап өткендей, әуе айлағы жылына 50 мың тонна жүк тиейтін жүк терминалына айналады.
– Бүгінде ол Эквадордан, Нидерланды, Бельгия мемлекеттерінен және Оңтүстік-Шығыс Азиядан коммерциялық жүк рейстеріне қызмет көрсетеді. Болашақта Қытайдан Еуропаға ұшатын әуе кемелерінің техникалық қонуын ұлғайту жоспарлануда. Балқаш әуежайын қайта құру да – маңызды жоба. Болашақта бұл әуежайдың өткізу қабілетін 30%-ға арттырып, басқа өңірлермен әуе қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы биыл Қарағанды облысында 1032 километр жол жөнделді. Ірі жобалардың бірі – «Қарағанды-Балқаш» автожолын реконструкциялау. Бүгінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды және трассаны қалыпқа келтіру шаралары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 115 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталғанын атап өту керек. Қалған 85 шақырымды қайта қалпына келтіру келесі жылы жалғасады. Осылайша, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жалпы ұзындығы 200 шақырым жол толығымен жаңаланбақ. Ермағанбет Қабдулаұлы бұл саладағы келер жылғы негізгі жобалардың бірі «Қарағанды-Жезқазған» республикалық жолын қайта жаңарту екенін тілге тиек етті.
Аңқасы кепкен ауылдар болмайды
Қарағанды облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Қарағанды, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында 31,5 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылуда. 17 шақырым магистральдық жылу желілері ретке келтірілді. Бұл желілердің тозуын 64,4%-ға дейін төмендетеді. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында соңғы 30 жылда болмаған ірі жоба – Қарағанды қаласындағы үшінші жылу беру нүктесінің құрылысы аяқталды.
– Қазан айында жаңа жылу желісі іске қосылады. Ол 1,2 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ете алады. Яғни 20 мыңнан астам пәтерді қамтиды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, шалғайдағы елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл 14 ауыл сапалы сумен қамтылды. Қазір ауыз су құбыры бір жарым мың тұрғынның үйіне тартылған. 26 ауылда шағын блок-модульдер орнатылуда. Бұл ілкімді шаралар облыс халқының 97,6%-ын сапалы сумен қамтуға жағдай жасады. Брифингте облыс әкімі келесі жылы облыстың барлық қалалары мен аудандарын сапалы ауыз сумен 100% қамтылатынын атап айтты. Сондай-ақ, жеке секторды газдандыру жұмыстарына да тоқталды. Газ желісі 7 621 үйге тартылған. Алайда, олардың 3 573-і ғана табиғи газға қосылды. Бұл ретте газдандыруға қосылуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға пайызсыз несие берілетінін де айта кеткен орынды.
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқыны өсуде. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 380,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға артық.
– Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл мыңдаған отбасын, соның ішінде, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, ауылда үйлер тұрғызуда. Қазірдің өзінде 55 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 755 пәтер салынды, деген Ермағанбет Бөлекпаев кәсіпкерлердің тұрғын үй құрылысындағы рөлін атап өтті.
Баршаға ортақ игілік
Аймақтың әлеуметтік саласына ойысқан өңір басшысы шалғайдағы елдімекендерде жаңа медициналық нысандарды салу әрі осы сала мамандарының тапшылығын жоюға бағытталған шаралар туралы айтты.
– Президент медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, әр науқасқа ерекше көңіл бөліп, денсаулық сақтау жүйесін қайта құру міндетін қойды, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Биыл ауылдарда 14 медициналық нысан бой көтерді, жыл соңына дейін тағы 27 нысан ашылады. Ал, келесі жылы 51 денсаулық сақтау мекемесі салынады. Теміртау мен Балқаш қалаларындағы аурухана жаңғырту жұмыстарынан кейін ауданаралық ауруханаға айналады. Осының арқасында облыс тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді бола түсіп, қала халқы да, ауыл тұрғындары да бірдей көмек ала алады.
Аймақта медициналық кадрларды қолдау шаралары белсенді жүргізілуде. Мәселен, соңғы екі жылда 236 медицина қызметкері баспаналы болды. Ауылдарға баратын қызметкерлерге төленетін бірреттік жәрдемақы мөлшері 1,5 миллионнан 8,5 миллион теңгеге дейін өсті. Бүгіне 63 маман аталған қолдауды алды. Жыл соңына дейін тағы 20 медицина қызметкеріне көмек көрсету жоспарланып отыр.
Жұмысшы мамандықтарының жолы жеңілдейді
Қарағанды облысының колледждері өнеркәсіп үшін сапалы кадрлар даярлап, білім беру мен өндіріс орындары арасындағы өзара әріптестікті нығайтуда. Өндірісті аймақта сегіз жетекші техникалық бағыт бойынша орта мамандандырылған мекемелерді кластерлеу қолға алынған. Жас мамандар үшін жергілікті кәсіпорындар жұмыс орнын ұсынуға әзір. Өңірде өнеркәсіп, құрылыс және энергетика салаларында мыңнан астам өндіріс ошағы бар. Оларда түрлі мамандықтар бойынша 200 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді.
– Мемлекет басшысының келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы біздің өңір үшін өте маңызды. Облыс жастарының 60%-ы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейді. Сондықтан біз Қарағанды облысын еліміз үшін жұмысшы мамандықтарын даярлау орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар бар. Орта кәсіптік білім беру тәжірибесі қалыптасқан. Колледждер мен өндірістік кәсіпорындар жеткілікті, – деген аймақ басшысы сапалы білім беру ісі қашанда маңызды екенін жеткізді.
Биылғы оқу жылында Қарағандыда екі жаңа мектеп ашылды. Оның бірі – «Жайлы мектеп». Жыл соңына дейін тағы бес жаңа «Жайлы мектепті» іске қосу жоспарланған. Жалпы, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша облыста он оқу орнын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс орталығында биыл заманауи оқушылар сарайы, ал Осакаров ауданында өнер сарайы ашылғаны мәлім.
Осы орайда педагогтарға да белсенді қолдау көрсетілетінін айта кету ләзім. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдарға еңбек етуге барған 140 мұғалім көтерме жәрдемақыға ие болды. Ал, «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруы арқасында облыста білім беру саласында мектептерді жаңғырту, жөндеу, спорт алаңдарын салу бойынша төрт жоба іске асырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында облыс тұрғындары 131 мың ағаш егіп, 7,7 мың бұта отырғызды. Бұған қоса, 367 қоқыс орны, 273 бақ пен саябақ, 125 бұлақ көзін тазартты. Аймақ басшысы мүмкіндікті пайдаланып, акцияға атсалысқан барша қарағандылықтарға қоршаған ортаға деген айрықша қамқорлықтары үшін алғысын білдірді. Жалпы, өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі арттыру бағытында еңбек ететіндігін жеткізді.
Толғақты сұраққа – толымды жауап
Брифинг барысында республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері толғақты сауалдарын жолдады. Барлығы – аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты. Дені, облыс халқын ауыз сумен, интернетпен, көмірмен қамту, республикалық және жергілікті жолдардың жай-күйі, «Шахтер» футбол клубына қатысты болды. Журналистерді сондай-ақ, Саран қаласындағы жылыту маусымының қазіргі ахуалы қызықтырды. Ермағанбет Бөлекпаев жылыту қазандықтарындағы сорғы құрылғысы техникалық параметрлерге сай келмеуі салдарынан жылыту маусымы кеш басталғанын айтты.
– Сарандағы орталық қазандықта жөндеу жұмыстары биыл аяқталған. Жаңа сорғының қарқын көлемі сәйкес келмегендіктен, кемшіліктер орын алды. Сөйтіп, жөндеу жұмыстары қайта жасалды. Қазіргі уақытта бірінші, екінші қазандық жұмыс істеп тұр, үшінші, төртіншісін қосып жатыр. Бір қазандық қала басындағы 113 үйге жылу беріп тұр. Ал, қалған үйлер қаланың ішіндегі локальді қазандыққа қосылған. Саранда Кеңес үкіметі кезінен бастап орталық қазандық болмаған, – деп жауап берді.
Ол облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері жүзеге асырған негізгі үш жұмысының бірі ретінде үшінші жылу беру нүктесінің құрылысын атады. Себебі, 30 жылда түрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мұндай ауқымды жоба қолға алынбаған екен аймақта. Одан бөлек, шағын және орта бизнес шығындарын субсидиялау көлемін арттыруға бағытталған жұмыс пен ауыл шаруашылығын дамыту шараларын атады.
– Шағын және орта бизнесті субсидиялауды 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспары бар. Облыста жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төмен – 4,1%. Тұрғындардың дені кәсіпкерлікпен айналысады, – деді облыс әкімі.
Ауылдарды интернетке қосу туралы сауалға жауап беріп, аймақта 148 ауылда интернет жоқ екенін айтты.
– «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Бағдат Мусинмен кездесіп, интернеттің сапасы жайында сөз қозғадық. Тасымалдаушы байланыс жабдығын, оптикалық-талшықты байланыс желісін тартуды көздеп отырмыз. Сол жоспарды жүзеге асыру жолында тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді ол.
Сонымен қатар, жаңа инвестор келгелі Qarmet компаниясының қызметі мен оның экологияға залалын азайту турасындағы сұрақтарға да жауап берді.
– Qarmet компаниясында 35 мыңнан астам жұмыс істейді. Ол – жүйе құрушы үлкен кәсіпорын. Ондағы кейін орын алған оқиғалар қосалқы мердігерлердің жұмысынан туындап отыр. Жаңа басшылық келген бетте кәсіпорынның барлық проблемалық тұстарын зерделеп, дереу әрекет ету керек учаскелерді анықтады. Қазір 50 мың шаршы метр шатырды жаңарту, цех жабдықтарын жаңалау, санитарлық тораптарға жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жұмыскерлерді тасымалдау, керек-жарақпен қамтамасыз етуде бұрынғыдай мәселелер жоқ. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті, еңбек инспекциясы бірлесіп жұмыс атқаруда. Комбинат табиғи газды пайдалануға көшуді жоспарлап отыр. Қалада ағаш отырғызу міндеттемесі бар, оны орындап жатыр. Qarmet компаниясының бұрынғы басшылығы өндірістік қалдықтарды қайта өңдемеген. Бүгінде 200 млн тоннадан астам қалдық бар, жаңа инвестор бұл мәселенің шешімін табады деп ойлаймын. Себебі, әлемнің барлық елінде өндірістік қалдық қайта өндірілуге жатады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
«Шахтер» клубына да қатысты бірқатар сұрақ қойылды. Аймақ басшысы клубқа әкімдік тараптан тиісті көмектің барлығы көрсетілгенін, демеушілердің көмегімен қарыздарының жабылғанын да айтты.
– Жалпы менің ойымша, «Шахтерда» жергілікті футболшылар ойнау керек. Қазір белгілі болғандай, клубта өз ойыншыларымыз аз болған. Осы мәселелер бойынша мамандармен арнайы жиын өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша Балқаш, Теміртау, Қарағанды және басқа қалалардан балаларға арналған академия ашамыз деп келістік. Екіншіден, бапкерлерді де даярлаймыз. Арнайы мамандар шақырып, біліктіліктерін арттырамыз. Сосын инфрақұрылымды дамыту керек. Жаңа стадион құрылысын бастаймыз. Орны белгілі, қаланың бас жоспары бойынша ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс аудандары арасында бой көтереді. Көлемі – 60 гектар. Қазіргі стадионның салынғанына 60 жылдан астам уақыт өтті. Стадионның тозығы жетті, – деді әкім.
…Біз аймақ басшысына жолданған сауалдардың маңызды дегендерін ғана алып отырмыз. Сан-салалы сұрақ жолданып, толғақты сауалға толымды жауап берілді. Тиянақты жұмыс атқарған басшы ешқашан тығырыққа тірелмейді. Мүдірмейді де.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz