Жаңалықтар

Аймақ брендінің амбассадорлары

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдардағы үздік қолөнер шеберлері мен ұлттық асханамызды жаңғыртып жүрген өндірушілердің кәсібіне қолдау көрсетеді. Осы жоба аясында облыстың бренд амбассадорлары мәлім болды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жанар Қаңтарбаева сүт өнімдерін, Жаннұр Төлебаева жүннен жасалған көрпе мен кілемдерін, Лаура Жанабаева қолөнер сабындарын, Меруерт Нұрланбекова керамикалық тақтайшаларын, Алтынбек Аманжолұлы ерекше технологиямен жасалған матрастарын, Амантай Рысбек ет өнімдерін, Асланбек Жамалдинов ысталған етті, Дарияш Ильяшева биогумусты көрсетілімге қойды. Биогумус деген – көң және өсімдік қалдықтары сияқты органикалық қалдықтарды жауын құрттарымен өңдеу нәтижесінде пайда болатын табиғи органикалық тыңайтқыш. Ол қоректік заттарға, дәрумендерге және микроэлементтерге бай. Топырақ құрылымын жақсартады, құнарлылығын арттырады және саңырауқұлақтардан қорғайды. Заманауи тыңайтқышқа бүгінде шаруалар тарапынан сұраныс зор.

Кандидаттар өндірістегі мәселелерін, алдағы жоспарларын бөлісіп, бренд-комитет мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Қазылар өнімнің табиғилығын, қаптамасын, санитариялық талаптарға сәйкестігін және идеялардың ерекшелігіне мән берді. Әсіресе дәстүрді сақтауға және экологиялық бағытқа негізделген жобаларға ерекше назар аударылды.

Нәтижесінде үш үздік кәсіпкер анықталды. Финалист атан­ғандар – жүн өнімдерімен Арай­лым Қыс­таубай, қолөнер жи­нақ­тарымен Дәмелі Ермекова және сүт өнімдерімен Жанар Қаң­тарбаева. Жеңімпаздарға өн­дірісті кеңейтуге және қажет болған жағдайда экспортқа шы­ғуға «Атамекеннің» салалық департаменттері тарапынан қолдау көрсетіледі.

Кәсіпкерлер палатасының ди­­ректоры Ернар Күлпейісов же­ңімпаздарға өндірістік тех­но­логия­ларды үйрету, тауар таңбаларын әзірлеу, сапа стандарттарын енгізу және өнімді нарыққа шығару бойынша көмек берілетінін айтты.

– Ақтық сынға шыққан үш қатысушы облыс атынан республикалық деңгейде өнер көрсетеді. Жоба микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталған. Жеңімпаздардың әкім гранттары байқауына қатысуға, түрлі республикалық және халықаралық көрмелерге шақырту алуға мүмкіндігі бар. Бұл – шетел нарығына шығуға жол ашады, – деді Ернар Күлпейі­сов.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Арайлым Қыс­­таубай. 2. Жанар Қаңтарбаева. 3. Дәмелі Ермекова.

Басқа материалдар

Back to top button