Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Балқаш қаласына барды
Облыс әкімі 2027 жылға дейін есептелген Балқаш қаласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстармен танысып қайтты. Сондай жобалардың бірі бизнес пен инфрақұрылымды дамыту. Яғни, алдағы уақытта қалада кемінде төрт мың жаңа жұмыс орнын ашу. Одан бөлек, жылу, су мәселесін шешіп, жаңа әлеуметтік нысандар тұрғызу. Қала мен жағалауды абаттандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешілмек.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы жылу желілері қайта жаңартудан өткен. Ал, «Қоңырат» шағын ауданының тұрғындары орталық жылумен толық қамтамасыз етілді.
Қаланың тоғыз көшесіндегі су желілері де жаңартылды.
– Қаланың негізгі сорғы станциясында екі трансформатор жөнделді. Жаңа сорғылар сатып алынып, оларды орнатуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ төтенше жағдайларда қолданылатын жаңа резервтік генератор сатып алынды. Бұл шаралар тұрғындарға тұрақты су беруді қамтамасыз етеді.
Алда көп жұмыстар бар. Атап айтқанда, тұрғын үй массивтерін су басуына байланысты кәріз сорғы станцияларын қала сыртына көшіру қажет. Осындай жағдайға тап болған тұрғындармен кездестім. Олардың үйлері қалай жөнделіп жатқанын көріп, жоспарларымыз туралы айтып бердім. Сонымен қатар 1971 жылы салынған су бұру коллекторын қайта құрып, 25 шақырым желіні ауыстыру керек. Бұл жұмыстарды барынша тез іске асыруға тырысамыз, – деді аймақ басшысы.
Алдағы уақытта Балқаш-Тораңғылық магистральдық су құбырын салу жоспарлануда. Ал, әуежай ғимаратын қайта құру үшін құжаттама әзірленуде.
Қаладағы 10-шы шағын ауданда жаңа балабақша бой көтереді. Одан бөлек, жайлы мектеп салу жұмыстары да жүргізілуде. Орталық аурухана да күрделі жөндеуден өтпек.
– Енді қаладағы тәртіпті Бірыңғай байланыс орталығы бақылайтын болады. Оның мақсаты нақты уақыт режимінде қаланы бейне бақылау және тұрғындардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарламаларын өңдеу. Жұмыс басталғаннан бері орталық қызметкерлері рұқсат етілмеген жерлерде 24 қоқыс үйіндісін анықтады. Уақыт өте келе камералардың саны артады. Бейнеқұрылғылар әсіресе Тораңғылық және Шұбар-Түбек жағалауындағы аудандар мен демалыс аймақтарында көптеп орнатылады. Мұндай байланыс орталықтарын басқа да моноқалаларда құратын боламыз – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz