Аймақ басшысы тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Amanat» партиясының филиалында кезекті азаматтарды қабылдау өткізді. Мұндай кездесулер тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл жолы тұрғындар абаттандыру, медициналық көмек және қиын өмірлік жағдайда қолдау көрсету мәселелерімен жүгінді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылдауға Пришахтинсктің жергілікті қауымдастық белсенділері, ПМК және Фин кентінің тұрғындары келді. Олар қаланың шет аймақтарын абаттандыру мәселесін көтеріп, оң өзгерістер бар екенін атап өтті. Дегенмен жұмыс тоқтамай, жеке секторды жарықтандыру, ғимарат қасбеттерін жөндеу, күл үйінділері маңындағы аумақты көгалдандыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, газдандыру әлеуетіне қатысты сұрақтар да қойылды.

Фин кентіндегі №60 мектеп – қаланың ең ескі білім ошақтарының бірі, 1968 жылы салынған. Мектеп аумағында футбол алаңы жоқ, осы мәселені шешу мүмкіндігі қабылдауда қаралды.

– Мектептер бойынша ауқымды реновация бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ол тек ғимараттарды емес, аумақты да жаңартуға мүмкіндік береді. Сіз көтеріп отырған мәселе орынды. Жасау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзинге жағдайды зерттеп, әрі қарайғы іс-қимылды ұйымдастыруды тапсырды.
Жалпы, барлық мәселелер қолданыстағы заңнама аясында қаралып, көмек көрсету мүмкіндіктері пысықталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



