Аймақ басшысы Шет ауданының тұрғындарымен кездесті
Кеше облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Қазір ауданда С.Сейфуллин-Ақадыр тасжолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындар тарапынан оның сапасына, әсіресе Айсаның тұсынан өтетін бөлігіне шағымдар түскен болатын.
– Бұл бағытта арнайы жүріп өттім. Кемшіліктер баршылық. Мердігер анықталған ақауларды жояды, – деді аймақ басшысы.
Ақадырда Ә.Ермеков атындағы мектепке қосымша ғимарат салынып бітті, ол ғимаратта спортзал мен асхана орналасады. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, ауданда әрқайсысы 300 орындық екі мектеп салынуда. Олар С.Сейфуллин және Ақсу-Аюлы атындағы кенттерде бой көтермек.
Қазіргі таңда Шет ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан бойынша 202 пәтерлік заманауи үйлер мен таунхаустар салынуда. Мысалы, Ақсу-Аюлы кентіндегі «Құмжон» шағын ауданын алатын болсақ, жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтар жаңа пәтер кілттерін алады. Үйлерді жылыту модульдік қазандықтар арқылы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жаңа трансформаторлық бекет орнатылады.
Сонымен қатар, мұнда орталық кәріз жүйесінің құрылысы басталды, бұл тұрғындарға септиктерден арылуға мүмкіндік береді және өмір сүру жайлылығын арттырады. Қазір сегіз ауылда орталық су құбырының құрылысы жүргізілуде.
Аймақ басшысымен кездесу барысында тұрғындар ауданда колледж ашу жөнінде сұрақ қойды.
– Бұл сұрақ бойынша жұмыс істеуді және жатақхана ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырдым. Болашақта ашылатын колледж білікті мамандардың жетіспеушілігін шешетін болады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Кездесуде медициналық қызмет көрсету сапасы, ТКШ мәселелері және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тұрғындар теміржол өткелі арқылы өтетін көпірдің қажет екенін айтты. Аталған жоба құжаттамалық сараптамадан өтуде.
– Аудан көркейіп келеді. Бизнес белсенді дамып, инвестициялар салынуда. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлердің ауданның және оның тұрғындарының игілігіне бағытталатын бастамаларын қолдауға қашанда дайынбыз, – деп қосты аймақ басшысы.
Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындардың жеке мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz