Аймақ басшысы Шет ауданына барды
Бүгінде су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының ахуалы жақсарып келеді. Тұрғындары үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалыпқа келтіруде. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев іс сапармен арнайы ауданға барып, тасқынның аса қатты зардабы тиген учаскелерді көріп қайтты.
Бүгінде су тасқынынан зардап шеккендер мемлекет тарапынан 100 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленген. Ауыл тұрғындары бүлінген мүлік үшін де өтемақы алды. Малдың құны өтелді. Тексеру нәтижелеріне сәйкес 54 үйге жөндеу жұмыстары жүргізу қажет. Ал, оны тұрғындар берілген өтемақыға өздері жасайды.
Апатты деп танылған алты үйдің орнына бес үй сатып алынды. Біреуі толық салынып жатыр. Сатып алынған үйлерге тұрғындар біртіндеп көшіп келуде. Одан бөлек, Ақсу ауылында зардап шеккендерге қосалқы шаруашылық құрылысы бар үйлер сатып алынды.
– Президент тапсырмасы бойынша біз барынша қысқа мерзімде барлығына өтемақы төлеуге және үй сатып алуға тырыстық. Бүгін мен зардап шеккендермен жеке кездесуге, барлық тапсырмалардың орындалғанына көз жеткізу үшін келдім. Сіздер жаңа үйлерде жайлы өмір сүресіздер деп үміттенемін, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев Шерубай-Нұра өзенінің арнасын көріп қайтты. Алдағы уақытта су қоймасын тазарту жұмыстары жоспарланып отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz