Бас тақырып

Аймақ басшысы Шахтинск тұрғындарымен кездесті

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск қаласының және қала маңындағы кент тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар денсаулық сақтау, ТКШ және абаттандыру мәселелерін көтерді. Әсіресе, қаладағы медициналық мекемелердегі кадрлар мәселесі талқыланды. Олардың жиі жұмыс ауыстыруы, арнайы мамандардың жоқтығы мен қызмет сапасына қала тұрғындарының көңілі толмайтын көрінеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қазір таңда қаланың орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова ауруханада пациенттерді қабылдау форматын толығымен өзгерту қажеттігін баса айтты. Әрі Қарағанды емханаларының үлгісі бойынша «Үздік тәжірибе орталығы» ашылмақ. Қала белсендісі Валентина Ахонова Шахтинск қаласында оңалту орталығын ашу қажеттігін айтты.

– Бұрын бізде жақсы санаторий болған. Сондай оңалту орталығы қажет. Ол үшін бос ғимарат та бар. Оңалту орталығынан ем қабылдайтын мүмкіндігі шектеулә жандар, кеншілер, тіпті, балалар да бар, – деді ол.

Аймақ басшысы қала тұрғынының көтерген мәселесін қолдап, басқармаға осы мәселені пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, кездесуге келген тұрғындар ауылдың жолын, абаттандыру мәселесін қозғады. Әрі қаладағы кәріз жүйелеріне тазарту жұмыстарының қашан жүргізілетіндігі жөнінде сұрады. Бұл сұраққа Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков:

– Кенттегі кәріз тазарту құрылысын салуға ЖСҚ 95%-ға дайын. Қазіргі таңдағы басты мәселеміз – ескірген желілер. Бұл тек Шахтинск пен Шаханға ғана емес, бүкіл аймаққа қатысты. Бізге әр үйдің жылы болғаны, краннан таза су ағып жатқаны керек. Сондықтан бюджет қаражатының көп бөлігін инфрақұрылымды жөндеуге бөлеміз, – деді ол.

Жақында Шахан мен Новодолинкада көпфункционалды спорт корттары ашылды. Шахтинск қаласындағы үш футбол алаңы да жөнделді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Ермағанбет Қабдуллаұлы кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелеріне құлақ түрді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button