АймақБас тақырыпШахтинск

Аймақ басшысы Шахтинск қаласының жылыту маусымына дайындығын тексерді

Шахтинск қаласының алдағы жылыту маусымына дайындығы жергілікті билік пен энергетикалық бақылау органдарының тұрақты бақылауында. Ауқымды жөндеу жұмыстарының арқасында жабдықтар мен жылу желілерінің тозу деңгейі төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қысқа дайындық аясында Шахтинск ЖЭО-да үш қазандық пен бір турбина, сондай-ақ қосалқы жабдық жөнделмек.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Шахтинскке барып, жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысына жұмыстар кестеге сай жүріп жатқандығы, материалдар мен жұмыс күші бойынша мәселе жоқ екені баяндалды. Жабдықты жөндеу мамыр айында басталған. Бүгінде жұмыстардың жартысынан астамы орындалды.

Сонымен қатар, жылумен қамтуды жақсарту мақсатында магистральді және орамішілік желілердің кейбір учаскелері ауыстырылуда. Жалпы 4,8 шақырым желі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ жылу оқшаулауын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Шахан кентінде де қазандық жабдықтары мен құбырлар жөнделіп жатыр.

Сапар аясында Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды – Саран – Шахтинск автожолының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұнда 19 шақырым жол жөнделуде.

– Қазіргі уақытта ұсақ түйіршікті асфальтобетоннан жоғарғы қабат төселіп жатыр. Бүгінде 8,4 шақырым жол жөнделіп, қозғалыс ашылды, жол белгілері мен жол жиегі жасалды. Тағы 1 шақырым жол асфальттауға дайын тұр. Сонымен қатар, жер жұмыстары да жүргізілуде. Келесі жылы тағы 4 шақырым жолды жөндеу жоспарда бар, – деді Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Аян Шағдат. 

Сонымен қатар, Новодолинка – Шахан – Молодецкое жолы да қайта жаңғыртылып жатыр. Биыл 5 шақырым жол жөнделмек, оның 900 метрі бұрынғы жамылғыдан тазартылып, 1,2 шақырымы биыл жаңартылады. Қалғаны келесі жылы жалғасады.

Аймақ басшысы Шерубай-Нұра өзені арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысымен де танысты. Бүгінде барлық бұрғылау қадалары орнатылып, екі тіреу тұрғызылған. 

Жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр, жоба 60 пайызға орындалған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button