Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақ басшысы Польша Елшілігінің Уақытша Сенімді өкілімен кездесті

Қарағанды облысына Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда келді. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Ермағанбет Бөлекпаев облыстың өнеркәсіптік әлеуеті және оның шетелдік инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктері туралы айтып берді. Шетелдік кәсіпкерлерді тарту үшін “Сарыарқа” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Мұнда резиденттер үшін салықтық және кедендік преференциялар қарастырылған, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым бар.

Біздің өңірде өндірілетін өнім әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және Польшаны қоса алғанда әлемнің 50 еліне экспортталады. Біз халықаралық байланыстарды дамытуға үлкен мән береміз және ынтымақтастыққа мүдделіміз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде Михал Лабенда инвестициялар саласындағы екіжақты қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы басты серіктесі екеніне тоқталды.

Мен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстанның бірнеше өңіріне бардым. Қарағанды облысында бізді құрылыс, машина жасау және тау-кен өнеркәсібі сияқты салалардағы инвестициялық жобалар ерекше қызықтырады. Польшада осы салалардағы операцияларды кеңейтуге мүдделі көптеген өндірістер бар. Сіздерде үлкен әлеует бар, тек логистика мәселесін шешу керек, – деді Михал Лабенда.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button