Аймақ басшысы мен облыстық мәслихат төрағасы Жеңіс күнімен құттықтады
Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жыл сайын осы мереке қарсаңында біз бейбітшілік пен мамыражай өмірімізді қорғап қалған аталарымыз бен әкелерімізді еске алып, бүгінде көзі тірі ардагерлерімізге соғыс жылдарында танытқан батырлықтары мен табандылықтары үшін құрметімізді көрсетіп, алғыс білдіреміз.
Сіздер 1418 күн мен түнге созылған қанқұйлы соғыста Отанымызды жаудан қорғап өткен батыр ұрпақсыздар. Бұл күн – сіздерге деген ыстық ілтипатымыз бен құрметіміздің көрінісі. Сіздердің ерлік істеріңіз бен Отан қорғауда танытқан қажыр-қайраттарыңыз біздің және болашақ ұрпақтың жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Бүгінде Жеңіс күні жастар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізуге негіз болатын маңызды күндердің бірі болып табылады. Біз майдан даласы мен тылдағы жанқиярлық еңбекпен Жеңісті жақындата түскен батырлар мен тыл еңбеккерлерінің еңбектерін жас ұрпаққа барынша насихаттап жатырмыз. Бұл келешекте біздің аспанымыздың ашық, өміріміздің бейбіт болуының негізі. Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз – бейбітшілікті сақтай отырып, Тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрақты дамуды қамтамасыз ету.
Қадірлі ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, Ұлы Жеңіс күніне орай сіздерге алғыс айта, барлықтарыңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілейміз. Жеңіс күні құтты болсын!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы