Бас тақырып

Аймақ басшысы мектептерді аралап, мердігерлерге ескерту жасады

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аймақтағы мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, мердігер ұйымдардың жұмысын қатаң сынға алды. Атап айтқанда, кейбір компаниялар жобалық-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) көрсетілген талаптарды сақтамай, арзан материалдарды  қолданған.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

 Аралау барысында аймақ басшысы алдымен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейге барды. Бұл білім ордасында 2011 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі таңда бірнеше бағытта жұмыстар атқарылуда.

– Биыл жөндеу жұмыстары бес негізгі учаскені қамтиды: мектептің қасбеті, асхана, акт залы, алты баспалдақ аралығы, негізгі кіреберіс және қосалқы шығу жолдары, – деді мектеп директоры Раиса Кеңесова. – Келесі жылы шатырды, жылу және су құбырлары жүйесін жөндеу жоспарланып отыр.

Алайда, тексеріс барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Мәселен, жобада көзделген П-тәрізді металл конструкцияның орнына мердігер Г-тәрізді, әлдеқайда жұқа материал орнатқан. Бұл өзгеріс ешбір мемлекеттік органмен келісілмеген.

Ұқсас жағдай Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияда да тіркелді. Онда жобада көрсетілген линеарлы панельдердің орнына арзан металл сайдинг пайдаланылған.

– Егер жұмыс жасайтын болсаңыздар, сапа басты назарда болуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Барлық жөндеу жобалары қала әкімдігі және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірлесіп қайта тексерілсін. Олар әр учаскедегі жұмыстардың құжаттамаға сәйкестігін мұқият қарап шығуы керек.

Облыс әкімі бұрмаланған жұмыстарды жоюды және бастапқыда жоспарланған сапалы материалдарды орнына қайтаруды тапсырды.

– Бүгін біз бірнеше мектепті аралап, жөндеу жұмыстарының барысын тексердік. Облыс көлемінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Алайда, өкінішке қарай, ЖСҚ талаптарын орындамайтын, сапасыз жұмыс жасайтын мердігерлер де бар. Егер мұндай ауытқулар анықталса, барлық кемшіліктер мердігердің есебінен қалпына келтірілуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

2025 жылы Қарағандыда 13 мектепте күрделі жөндеу басталды. Білім басқармасының мәліметінше, тек ғимараттарды жаңарту ғана емес, сонымен қатар мектеп жиһаздарын толық ауыстыру және оқу кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру көзделген. Жалпы, 2027 жылға дейін өңірде 68 мектепті күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда жеті жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, оның алтауы жайлы мектеп стандарттарына сай болады.

ЖСҚ-дан ауытқуға жол бермеу мақсатында облыста барлық мектептердің жөндеу жұмыстарына бақылау күшейтілмек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button