Бас тақырыпЖаңалықтар

Аймақ басшысы Гомель облысының делегациясымен кездесті

Беларусь өнеркәсіпшілері Қарағанды облысымен бизнес серіктестікті нығайтуға мүдделі. Байланыстарды дамыту үшін Қарағандыға құрамында мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпорын басшылары бар Гомель облысынан үлкен делегация келді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде өңіраралық ынтымақтастық әлеуеті талқыланды.

Суреттер: облыс әкімдігі сайтынан

Беларусь пен Қазақстанды жыл сайын дамып, нығайып келе жатқан ортақ тарих, терең тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді. Өздеріңіз білетіндей, біздің облыс – өнеркәсіптік өңір. Мұнда ірі тау-кен кәсіпорындары, сондай-ақ түсті және қара металлургия, машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен энергетика өндірістері шоғырланған. Біз өнімді әлемнің 50 еліне, соның ішінде Беларусь Республикасына да жеткіземіз. Ынтымақтастық үшін негіз бар, біз өзара тиімді жағдайда жұмыс істеуге дайынбыз – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриалды аймағында инвесторлар үшін жасалған жағдайлар туралы айтты.

Өз кезегінде қонақтар гомельдік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін көрсететін бейнероликті ұсынды.

Гомель облыстық атқару комитетінің төрағасы Иван Крупко Қазақстан Беларусь үшін стратегиялық серіктестердің бірі және сыртқы тауар айналымы бойынша Ресей мен Қытайдан кейін үшінші орында екенін атап өтті.

Соңғы бесжылдықта Гомель облысының Қазақстанмен тауар айналымы бір жарым есеге артты. Біздің кездесуіміз өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға жақсы нәтиже береді деп үміттенемін, – деп атап өтті делегация басшысы.

Негізінен Беларусьтан жергілікті нарыққа қазір ет-сүт өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі.

Иван Крупконың пікірінше, жиһаз шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, гомельдік кәсіпорындар фермерлерге арналған техниканы ұсынады.

Қарағандылықтар қыркүйек айында Гомельде өтетін экономикалық форумға шақырылды. Кездесу Гомель және Қарағанды облыстары арасындағы өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.

 Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button