Бас тақырып

Аймақ басшысы Францияның Қазақстандағы елшісімен кездесті

Облысқа Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге келді. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті туралы айтып, оның инвесторлар үшін тартымдылығын атап өтті.

– Біз өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Қарағанды облысында бизнес жүргізу үшін жағдай жасалған. «Сарыарқа» және Саран арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді, онда резиденттерге салықтық және кедендік преференциялар, сондай-ақ инфрақұрылым ұсынылады. Өңір экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды, бірақ біз француз компанияларының біздің нарыққа және басқа да бағыттарға, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға кіруіне жәрдемдесуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

– Біз мәдени-гуманитарлық салада бұрыннан бері жемісті ынтымақтастық жасап келеміз. Енді инвестициялық бағытты күшейтетін кез келді. Бізді әсіресе денсаулық сақтау және жоғары технологиялар саласындағы жобалар қызықтырады. Осы кездесудің қорытындысы бойынша біз өңірде, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында бірлескен бастамаларды іске қосу мүмкіндіктерін қарастырамыз, – деді Сильван Гиоге.

Ол сондай-ақ сапар аясында бірқатар нысандарды – Карлаг тарихи-мемориалдық мұражайын, француз тілі оқытылатын университеттер мен мектептерді аралағанын, Қарағанды Француз Альянсымен жаңа келісімге қол қойғанын, сондай-ақ Франкофония күндері ұйымдастырылған француз киносы фестиваліне қатысқанын хабарлады.

– Қарағанды университеттерімен академиялық байланыстарды дамыту өзге салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін берік негіз құрады, – деді Франция елшісі. – Медициналық және техникалық университеттерде балқымалар мен жаңа медициналық технологиялар саласындағы бірлескен зерттеулерді қоса алғанда, қызықты жобалар іске асырылуда.

Кездесуді қорытындылай келе, Ермағанбет Бөлекпаев облыста Инвесторларды қолдау орталығы жұмыс істейтінін және өңірдің диалог пен бірлескен жұмыс үшін ашық екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button