Бас тақырып

Аймақ басшысы энергетиктерге мемлекеттік наградалар табыстады

Елімізде желтоқсанның әр үшінші жексенбісінде энергетиктер күні атап өтіледі. Осыған орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Энергетика саласының мамандарын кәсіби мерекесімен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов құттықтады.

– Еліміздің және облысымыздың энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту уақыты келді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Бұл салада да жетістіктеріміз бар. Қарағандыда үшінші жылу құбырының құрылысы аяқталды. Теміртаудағы жетінші ЖЭО-2 қазандығында іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның бәрі көп тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Наурыз айында Топар МАЭС-на жаңа турбогенератор енгізіледі. Біз сондай-ақ «жасыл» энергияға көп көңіл бөлеміз. Осакаров ауданында жел генераторлары бар діңгектер салынуда. Теміртау, Бұқар жырау және Шет аудандарының айналасында жел станцияларын салу жоспарлануда.

Өңір басшысы энергетика саласының барлық қызметкерлеріне жергілікті инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтып, ардагерлерге құрмет білдірді.

Энергетика саласының қызметкерлеріне Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.

Аталмыш саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС Бас директоры Андрей Ляпунов, Еңбек ардагері Валерий Наумов және «Қарағанды Жарық» ЖШС техникалық директорының орынбасары Сергей Седлецкий марапатталды.

– Мен бала кезімнен электр энергиясына қызығушылық таныттым. 90-жылдардың соңында еңбек жолымды Қарағанды электр желілерін тарату кәсіпорнында сынау және өлшеу бойынша электромонтер болып бастадым. “Қарағанды Жарық” компаниясында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Менің жалпы еңбек өтілім шамамен 30 жыл. Жұмыс ұнайды, бұл кез-келген адамның өмірі үшін маңызды. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Денсаулық, сәттілік тілеймін, бәрі жақсы болсын! – деді Сергей Седлецкий.

«Қарағанды Жарық» ЖШС Бас директоры Дидар Ахмадин мен «Qarmet» АҚ БД слесарь-жөндеушісі Сергей Чугунов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС ЖЭО-3 қазандық дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь Төребай Құттыбаевқа табысталды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі үшін тағы 29 адам Қарағанды облысының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Солардың бірі – еңбек ардагері Владимир Литвинов. Ол өзінің сүйікті жұмысына 54 жыл өмірін жұмсаған. Оның ізін балалары басып келеді – қызы мен ұлы да энергетик болды.

– Тәжірибемнен энергетиктердің еңбегі баға жетпес екенін білемін, өйткені энергетика – экономиканың қозғаушы күші. Облыста электр энергетикасы саласын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар екені қуантады. Барлық қатысушыларды құттықтаймын және еңбек табыстары мен отбасылық амандық тілеймін! – дейді Владимир Литвинов.

Қазақстанда энергетика күні желтоқсанның әр үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button