Аймақ басшысы биыл облыс тұрғындарымен 28 жеке қабылдау өткізді
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бір жылда 28 мәрте өңір тұрғындарын жеке қабылдаған көрінеді. Әрі халықпен кездесуді әр қала мен ауданда өткізген. Жеке қабылдау барысында өңір басшысына 300-ден астам адам өз мәселелері мен алуан сұрақтарымен жүгініпті.
Биылғы жылдың соңғы жеке қабылдауы өткен бейсенбіде өткен. Ол кездесуде тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үйге қатысты. Приозерск қаласының тұрғыны Алексей Карпенко онлайн-байланыс арқылы жылу оқшаулауды қажет ететін көппәтерлі үйне қатысты мәселе көтерді.
– Мен үйдің аға басқарушысымын. Барлық тұрғындардың атынан жүгініп отырмын. Біз тұрып жатқан үй 1972 жылы салынған. Ұзақ уақыт бойы ешкім дұрыс қараған жоқ. Плита аралық байланыстар бұзылған. Салдарынан жаңбыр жауған күні пәтерге су кіреді. Жылу оқшаулау да әбден тозығы жетіп тұр, – деді тұрғын.
Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов бұл үйдің мәселесі жайында хабардар екенін айтты. Сонымен қатар, қасбетін жөндеу үшін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал, өңір басшысы осы мәселені жедел шешуді тапсырды.
– Әуелі жобалық-сметалық құжатын дайындау қажет. Тиісті жұмыстар атқарылады. Содан кейін өтініш беріңіз. Біздің тараптан қолдау болады. Келесі жылы қаржыландыруды қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz