Ресми

Аймақ басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекованы мерейтойымен құттықтады

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының, Қарағанды қаласы мен Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова – 80 жасқа толды. Облыс әкімі мерейтой иесін арнайы қабылдап, құрмет-қошемет көрсетті.


Рымбала Омарбекова өңірдің мәдени және әлеуметтік саласын дамытуға көп күші мен уақытын жұмсаған жан. Мемлекеттік қзметте 40 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, оның 19 жылын облыстық мәдениет басқармасын басқарған.

– Сіз өлкеміз үшін, Мемлекетіміз үшін көп еңбек жасадыңыз. Сіздің арқаңызда сақтап қалған және одан әрі дамыған мәдениет нысандарын тізімдеу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Олардың қатарында Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы, Сәкен Сейфуллин атындағы театр және Қарағанды кеншілер мәдениет сарайы бар. Әріптестеріңіздің атынан, бүкіл облыс тұрғындарының атынан ерен еңбегіңіз үшін алғыс айтамын. Мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын, отбасыңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін, – деді өңір басшысы.


Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезінде Рымбала Омарбекова ауылдардағы кітапхана мен клубтарды сақтап, жаңа жұмыс әдістерін енгізген. Оның басшылығымен Республикада алғаш рет ауылдық кітапхана қызметкерлерінің форумы, ауыл мәдениет қызметкерлерінің форумы өткізілді. Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрін құруға, Теміртауда балалар мен жасөспірімдерге арналған театрды ашуға мұрындық болған жан. Әрі жыл сайын облыстық фестивальдер өткізіп, игі бастамалардың жүзеге асуына септігін тигізген. Және қазақстандық кино өнерін насихаттаумен айналысып, өңірдегі жалғыз мемлекеттік кинотеатрды басқарды. Жиын барысында әріптестері де сөз алып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін жеткізді.

– Сіздің тәрбиеленушілеріңіз түрлі аймақтарда абыроймен жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін атқарған еңбегіңіз – өскелең ұрпақ үшін үлгі. Мәдениет жолындағы қиын жұмысыңызды бағалаған әріптестеріңіз Сізді өнердің Ұлпаны деп атады. Бұл сіздің еңбегіңізді жоғары бағалау. Сіз бүгінгі күнге дейін ұлттық өнерді, мәдени мұраны және рухани құндылықтарды дәріптейсіз, шығармашылық адамдарды қолдайсыз, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button