Аймақ басшысы «Қарағанды-Нан» жұмыскерлерімен кездесті
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда. Аймақ басшысы Қарағанды қаласының әкімі және облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшыларымен бірге «Қарағанды-Нан» зауытына барды, – деп хабарлайды ortalyq.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызметкерлер қаланы дамыту мен абаттандыруға қатысты өз сұрақтарын қойды.
– Біз осындай кездесулерді жұмыс орындарында сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді тыңдау үшін арнайы өткіземіз. Зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Елімізде сұранысқа ие өнім экспортқа шығарылады.
Жалпы, қала дамып келеді, өздеріңіз көріп отырсыздар. Проблемалық мәселелер бар, бірақ қала экономикасы тұрақты. Біз өткен жылы үлкен жобаларды іске қостық. Газдандыру белсенді жүргізілуде. Бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудамыз. Қаланы абаттандырумен айналысудамыз. Биыл Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты дамытуға баса назар аударамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қызметкерлер Оңтүстік-Шығыстың дамуын ескере отырып, кәсіпорын ауданына автобус бағытын жіберуді сұрады. Мәселені шешу мүмкіндіктері қарастырылады.
Тұрғын үй мәселесі өзекті болып қалуда. Кездесуде «Отбасы банк» филиалының директоры Бауыржан Жуасбаев жұмысшы мамандықтарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар туралы айтып берді.
Кәсіпорын басшылығын өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жеңілдікті ипотека бағдарламасына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар кездесуде медициналық қызмет көрсету мәселелері көтерілді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегеноваға скринингтер, кәсіби тексерулер өткізу үшін мамандардың кәсіпорынға шығуын ұйымдастыруды сұрады.
– Ұжымның негізінен әйелдер екенін ескерсек, бұл өте өзекті. Скринингтік зерттеулерден өту үшін үш күндік әлеуметтік демалыс бар. Бәлкім, оны пайдаланатындар аз шығар. Бізге өзіміз келу оңай, сіздер де өз құқұқтарыңызды пайдаланыңыздар, – деді Бибігүл Төлегенова.
Жұмысшы мамандықтарын қолдау және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар әңгімеледі. Басқарма басшысының сөзінше облыс бойынша үш мыңға жуық бос жұмыс орны, сондай-ақ, Мансап орталықтарында мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары бар. Қарағандыда еңбекке қабілетті халықтың жартысына жуығы жұмысшы мамандықтарымен айналысады. Шағын және орта бизнесте 146 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылған.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.