Бас тақырып

Аймақ басшысы Қарағанды көшелерін жаяу аралауды жалғастыруда

Аймақ басшысы бұл жолы Қарағандының Оңтүстік-шығыс бөлігін жаяу аралап өтті. Бизнес нысандар мен аурухана аумағын ерекше назарға алды. Сонымен қатар, өңір басшысы қала және Қазыбек би аудан әкімдерінен бөлек, полиция департаменті мен басқарма басшыларын да өзімен бірге қаланы жаяу аралауға шақырды.

Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынан

Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде биыл біршама жұмыстар атқарылмақ. Бұл туралы Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов аймақ басшысына баяндап берді. Мәселен, Кеншілер даңғылындағы №3 емхананың жанынан Сарыарқа көшесіне шығатын екі жақты жол салынады. Жұмыстар мамыр айынан бастап жүргізіледі деп жоспарлануда. Ал, Ермағанбет Қабдуллаұлы өз сөзінде қала тазалығына немқұрайлық танытқан жандарды заң жүзінде тиісті шара қолдану керектігін баса айтты.

– Бір апта бойы әртүрлі аудандарды жаяу аралап жүрмін. Осы уақыт аралығында барлық бизнес өкілдері өз аумақтарын таза ұстамайтынын көрдім. Әсіресе, автотұрақтардың жанынан көп қоқыс қалдықтарын байқадым. Немқұрайлылық танытқан кәсіпкерлерге заң аясында тиісті шара қолданыңыздар, – деді полиция қызметкерлеріне Ермағанбет Бөлекпаев.

Осы уақытқа дейін Қарағандыда тазартылмаған аумақтар үшін полиция өкілдері 300-ге жуық әкімшілік хаттама толтырған. Егер жағдай он күн ішінде өзгермесе, 30 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Қазіргі уақытта полиция өкілдері қалада абаттандыру ережелерінің бұзылуын анықтау мақсатында рейд жүргізуде. Бұл туралы полиция басқармасының басшысы Шахназар Салин айтып берді.

– Тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Күн сайын шамамен 60-70 әкімшілік хаттама толтырылады. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам айыппұл салынды, – деді басқарма басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button