Бас тақырып

Аймақ басшысы Қарқаралыға іссапармен барды

Қарқаралы – Қазақстандағы ең үздік 50 туристік орынның қатарында. Жыл сайын демалушылардың қатары артып, жаңа демалыс орындары ашылуда. Биыл ғана жаңадан бой көтерген Қарқаралыдағы жастар саябағы мен ту тұрағы – соған дәлел. Одан бөлек, Қарағанды-Қарқаралы тас жолына да кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралыдағы осы және басқа да атқарылып жатқан игі жұмыстармен танысып қайтты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ту тұрағы «Платина» су бөгетінің жанында бой көтерген. Мұнда жаңадан серуендеу алаңы ашылып, жарықтандырылған. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта этноауыл және қонақ үйлер салынады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – Қарағанды-Қарқаралы республикалық маңызы бар тас жолын жөндеу. Өткен жылы Қарқаралыдан Матаққа дейінгі 62 шақырымы жөнделген. Биыл Матақтан Ащысуға дейінгі 53 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды. Әрі төрт автобус аялдамасы ауыстырылған. Енді су құбырлары жаңартылуда. Қалған 85 шақырымға орташа жөндеу жүргізу үшін мердігер ұйым анықталды. Қазір материалдар дайындалуда.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жол жөндеу сапасына және жол бойындағы аумақтың санитарлық жағдайына бақылау жасауды тапсырды.

– Халыққа ыңғайлы болуы үшін аялдамаларды қажетті жерге қойыңыздар. Әдетте жүргізушілердің қайда тоқтайтынын назарға алыңыздар. Ағыны бар жерлерді абаттандыру қажет. Жолда интернетке тұрақты қолжетімділік пайда болуы керек. Ол үшін республикалық жолда антенна-діңгек құрылыстары орнатылады, – деді аймақ басшысы.

Аудан әкімі Әділжан Арғынов Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолының 16,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталғанын баяндады.

– Жөндеу жұмыстарын 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Облыстық маңызы бар Қарқаралы-Ақжол-Қоянды тас жолының 52 шақырымына жөндеу жұмыстары аяқталды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жарлы, Тегісшілік, Аппаз елді мекендеріндегі кентішілік жолдар жөнделеді. Қарқаралыда ұзындығы 2,6 шақырым болатын Тоқтар Әубәкіров атындағы басты көшені қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, – деді ол.

Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бірқатар жобалар іске асырылуда. Матақ, Тұмар, Қарағайлы, Теректі, Бүркітті, Томар ауылында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Тоғыз шағын елді мекенде блоктық-модульдік сорғы станциялары орнатылды.

Сапар соңында аймақ басшысы Мыңжасар Әдекенов атындағы ауыл шаруашылығы колледжіне ат басын тіреп, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын оқытатын колледж ұжымымен кездесті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button