АймақБас тақырыпҚарағанды

Аймақ ауылдарын интернетпен қамту қарқынды жалғасуда

Қарағанды облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі ауылдық елді мекендердің төрттен үші интернет желісіне қосылған. Көптеген ауылдарда 4G ұялы байланысы тұрақты жұмыс істейді, ал кейбірінде талшықты-оптикалық желілер тартылған. Желі әлі жетпеген өңірлерде қосу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта спутниктік технологиялар мен инвестициялық жобалар кеңінен қолданылуда.

Сурет delta-batt.com

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы аппараттық кеңесте ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағат басқармасының басшысы Константин Ильницкий баяндады.

–  2027 жылдың соңына дейін облыста ауылдық аумақтарды қосу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл талшықты-оптикалық желілерді тарту, жол бойындағы ұтқыр байланысты дамыту, 5G желісін іске қосу және спутниктік интернет. Сонымен қатар, мемлекет 97 ауылдағы үйлер мен мекемелерге байланыс тартуды субсидиялайтын болады, – деп хабарлады ол.

Екінші ірі міндет – 179 елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерін өткізу. Бұл 109 мектепті, 90 медициналық мекемені және 80-ге жуық мемлекеттік және құқық қорғау органдарын сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстардың басталуы 2025 жылдың үшінші тоқсанына, аяқталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған.

Республикалық және облыстық автожолдардың бойында 14 антенна-діңгекті құрылыстар салынуда.

Қарағандыда 5G енгізу жалғасуда. Қазірдің өзінде 52 базалық станция орнатылған, жыл соңына дейін тағы 45 станцияны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, халқы аз ауылдарды OneWeb спутниктік байланысы арқылы қосу басталды. Қазірдің өзінде 13 елді мекен қамтылды, жоба аяқталғанға дейін олардың саны 46 болады.

Балқаш маңындағы интернет байланысында проблемалар бар. Бұл мәселені шешу туризмді дамыту үшін өте маңызды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев байланыс проблемасы бар жерлерде қажетті шаралар қабылдауды жандандыруды тапсырды.

–  Барлық мәселені жедел шешу керек. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғасуы тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button