Аймақ агросаласының мүмкіндігі мол
Нұра ауданы – облыстағы аграрлы өңір. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі аймақ басшылығының назарында. Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі дала жұмыстарының қорытындылануын қадағалап, өңірдің шаруашылықтарымен танысты.
Вице-премьер бастаған делегация Нұра ауданы, Көбетей ауылындағы сүт-тауар фермасының құрылыс алаңына табан тіреді. Кәсіпорын голштин сиырларын әкеліп, өсіруде. Жоба аясында 1100 ірі қара малды ұстау көзделген. Аталған ферма жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 9000 тоннаға жуық сүт өндіреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 70-ке жуық жұмыс орны ашылып, жұмысқа орналасу кезінде бірінші кезекте жергілікті тұрғындар қабылданады. Одан бөлек, ферма өзін азықпен қамтамасыз етеді. Жалпы, облыс аумағында мал шаруашылығы белсенді дамып келеді.
Ал, өсімдік шаруашылығы саласында аймақ өндірушілері суармалы егіншілікке баса назар аударып келеді. Бұл бағыттағы жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов айтып берді.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,1 млн гектар жерге егілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артық. Атап айтсақ, дәнді дақылдар – 966,3 мың гектарды, майлы дақылдар – 31 мың гектарды құрады. Картоп – 11,5 мың гектарға, басқа көкөністер 1,2 мың гектарға егілген. Алдағы уақытта суармалы жерлердің аумағы да ұлғайтылады, – деді Бауыржан Асанов.
«Шахтерское» элиталық тұқым өсіру кәсіпорны да арнайы келген делегацияның назарынан тыс қалмады. Мұнда жыл сайын суармалы жерлердің аумағы кеңейтіліп келеді. Айналымға су алу және беру үшін барлық инфрақұрылымы бар қосымша 200 гектар енгізілді. Бүгінде қазіргі заманғы тұқым тазарту желісі салынуда. Ол дәнді, майлы және бұршақ тұқымдарын дайындауға арналған.
«Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп қонақтарға астық қоймасы мен астық кептіргіш құрылғыны көрсетіп, елімізден тыс жерлерде белгілі картоп өсіру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Бүгін ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында болып жатқан айтарлықтай ілгерілеушіліктерді көріп отырмыз. Бұл бізге одан да зор жауапкершілік жүктейді. Барлық күш-жігерімізді жұмсап, лайықты өнім алу және өнімділікті екі есе арттыру үшін жақсы жұмыс істеуге тиіспіз, – деп атап өтті ол.
Ал, вице-премьер Серік Жұманғарин фермерлермен кездесу барысында Үкіметтің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөніндегі жоспарлары, фермерлер үшін «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 5% жеңілдікпен несие алу мүмкіндіктері және қаражат алудың қарапайым тетігі жөнінде айтып берді. Бұдан бөлек, ол фермерлерге аграршылардың агротехниканы жақсартуға көбірек көңіл бөлу, тыңайтқыштар, тұқымдар енгізу, жоғары өнімді техниканы қолдану және басқа да міндеттемелері жөнінде мұқият тапсырды.
– Биыл көктемгі егіс жұмыстарына 580 млрд теңге бөлініп отыр. Фермерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар да жұмыс істеп тұр. Қарқынды дамуға мүмкіндік жасалған. Тұқымға, пестицидтерге, минералды тыңайтқыштарға, жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, техникаға да қаражат бөлінеді. Енді фермерлер мал шаруашылығын қолдауды сұрайды. Барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешеміз, егіннің жақсы өнгенін көріп отырмыз, жақсы өнім күтеміз, – деді өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Өз тілшімізден.