Аймаққа жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев келді
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев келді. Ол өңірдің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және ТЖД өкілдерімен бірге «Karaganda Komir» ЖШС-нің көмір өндіру кәсіпорындарын аралады.


Делегация «Саран», Күзембаев атындағы, Ленин және «Қазақстан» шахталарын көрді. Негізгі назар өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне және апаттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған техникалық шешімдерге аударылды. Көмір өндіру кәсіпорындарында жеке позициялау және іздеу жүйелері, ленталы конвейерлерді өрттен қорғау, сондай-ақ өндірістік процестерді бақылау және диспетчерлеу автоматтандырылған жүйелер таныстырылды.

Жұмыс сапары қатысушылары сонымен қатар желдету штректің жұмысқа арналған қазба бөліміне 510 метр тереңдікке түсіп, тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ету шаралары мен өндірістік бақылаудың негізгі элементтерінің жұмысын тәжірибеде көрді.
Сонымен қатар көмір шахталарын модернизациялау мен цифрландыру, кәсіпорындардың уәкілетті органдармен өзара әрекеті, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында ғылыми тәсілдер мен шетелдік тәжірибені қолдану мәселелері қаралды. Кәсіпорын басшыларымен кездесулер қорытындысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және заманауи технологияларды енгізудің басым бағыттары анықталды.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен



