Covid-19ЖаңалықтарКоронавирус

Аймаққа Vero Cell жеткізілді

Қытайлық Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасы облыс орталығындағы емханаларға жеткізіліп, тіпті, салына бастады. Алайда, оны 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған егде адамдар алады. Мұндай шешімді облыстық денсаулық сақтау басқармасы қабылдапты.

Қарағандыдағы №1 емхананың профилактикалық бөлім меңгерушісі Раиса Бектемірова жиналған журналистерге жаңа вакцина туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Вакцинаны кеше ғана алдық. Біздің облысқа 20 мың доза алынды. Әр флаконда 2 дозадан. Яғни, екі адам бірден алады. 21 күн аралығында екі рет салынады. Оны қарапайым тоңазытқышта да сақтауға болады. Яғни, басқа вакциналар сияқты ерітілмейді. Әрине, салған кезде кері әсері байқала қоймайтын «жеңіл» вакцинаны барлығы алғысы келеді. Бірақ, инактивті вакцина болғандықтан, бұл түрлі аурулармен диспансерлік есепте тұрған зейнеткерлерге арналған. Дегенмен, жастар да, орта жастағылар да келіп, осы вакцинаны сұрайды. Үлкен кісілерге басымдық берілген десек те, түсінбей, агрессия көрсетеді. Дені сау, жас адамдар «Спутник V» ала беруіне болады ғой. Ол жеткілікті көлемде бар, – деді Раиса Бектемірова.
Дәрігердің айтуынша, аллергиялық реакциялар, жүйке жүйесі аурулары, эпилепсия сияқты аурулар вакцина салуға қарсы көрсетілім болады. Сонымен қатар, тағы бір айта кетерлігі, аталған екпені тек тіркелген емханасында ғана ала алады.

– Бұған дейін кез келген вакцина кабинетінде салынған болатын. Тұрғылықты жеріне қарай емес, тіркелген жеріне қарай жасалады. Біздің емханаға 500 доза бөлінді. Бұл жетпейді деп ойлаймын, – дейді Раиса Жастаубайқызы.

Ресми деректер бойынша клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі нәтижелері вакцинаның 79% тиімділігін көрсеткен.  Vero Cell вакцинасы да COVID-19-ға қарсы басқа  вакциналар сияқты реакциялар байқалуы мүмкін. Мәселен, екпе орнының ауырсынуы, тұмауға ұқсас белгілер, әлсіздік. Vero Cell басқа вакциналар сияқты індеттен 100% қорғамаса да инфекция салдарынан болатын асқынуларды азайтады. Айта кетер маңызды жайт, Vero Cell Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналар қатарында.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button