Аймаққа «Өңіраралық еңбек ұтқырлығы» бағдарламасы аясында бес отбасы немесе 23 адам қоныс аударды
Оларға əлеуметтік қолдау мақсатында біржолғы көмектен бөлек, экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Əсем Жүніспекова облыс əкімдігінің аппараттық жиынында мəлімдеді. Сала жетекшісі қандастар жəне баспана іздеушілермен, босқындар мəселесіне де кеңінен тоқталды.
– Облысқа қоныс аударушыларды ынталандыруда жол картасына сəйкес жұмыстар жүргізілуде. Оларға тұрғын үй сатып алғанға дейін 12 айға дейін отағасына жəне отбасының əрбір мүшесіне тұрғын үй жалдау жəне коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге ай сайын жəне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек қарастырылған, – деді басқарма басшысы Əсем Жүніспекова.
Биыл 33 адам қоныс аударады деп жоспарланса, соның 70%-ы өңірлерге қоныстанып үлгерді. Атап айтқанда, төрт отбасы Нұра жəне бір отбасы Ақтоғай ауданына көшіп келді. Оның ішінде, еңбекке жарамды төрт адам – тұрақты жұмысқа, біреуі – қоғамдық жұмысқа орналасса, үш адам – мал шаруашылығымен айналысып, екеуі бала күтімімен отыр.
Жалпы, қоныс аударушыларға əлеуметтік қолдау мақсатына облыстық бюджеттен 30,9 млн.теңге бөлінген. Оның 24 млн.теңгесі – экономикалық ұтқырлық сертификатына, 6,9 млн.теңге – көшуге, тұрғын үй жалдауға арналған субсидия ретінде қарастырылған. Ал, қоныс аударушыларға 10,1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек төленді.
Жиын барысында облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоныс аударушыларға белсенді көмек көрсетуді тапсырды.
– Қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастыру керек. Ақтоғай жəне Нұра аудандарының əкімдері ұлттық жоба жəне өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы шеңберінде қоныс аударушыларға квоталар бойынша көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Материалдық көмек төлеуді бақылауда ұстаңыздар! – деді аймақ басшысы.
Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz
Автордың «Қоныстанушыларға – қомақты қолдау» атты мақаласынан.