Спорт

«Шахтер» футбол клубы алдағы маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін Түркияға қайта оралды

Араға апта салып, қарағандылық «Шахтер» футбол клубы алдағы маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін Түркияға қайта оралды. Бұл жолы екінші оқу-жаттығу жиыны Белек қаласында өтпек. Оқу-жаттығу жиындары аясында жерлестер негізгі құрам ойыншыларын анықтап, тактикалық шыңдау мақсатында төрт жолдастық кездесу өткізбек. Бүгінде жерлестер алғашқы кездесуінде Өзбекстанның «Андижон» клубына қарсы ойнады. Алайда, қос тараптан ойын ережесі жиі бұзыла бергендіктен, литвалық бас төреші Орестас Абрамавичюс кездесуді 55-ші минутта тоқтатты. Ал, есеп – 0:0.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жалпы, оқу-жаттығу жиындары ақпанның 12-сіне дейін жалғасады. Жиын барысында жаттықтырушылар штабы команда сапына жаңадан қосылған жас футболшылардың әлеуетін байқап көрмек.

Допты ойынға қосқан – қарағандылықтар. Жерлестер допқа иелік етіп, оң қапталдан тактикалық тұрғыда шабуылды бастап кеткен. Алайда, қарсыластар мұндай шабуылға дайын болып шықты. Шабуылға нүкте қойып, допты өздерінде қалдырды.

17-ші минутта «Шахтер» шабуылшысы Владислав Прокопенко қарсылас қақпасының жақын тұсынан айып добын орындаған болатын. Қақпаға қарай әуелете көтерілген допқа әріптесі Тимур Рудосельский бірінші болып жетіп, қақпаға соққы жасады. Доп қақпадан қисық кетті. Одан кейін дәл осындай айып добы 28-минутта орын алды. Бұл жолы да Владислав допты ойынға қосып, әріптестеріне пас асырған. Бұл жолы қарсыластар қорғаныста сауатты ойнап, қарымта шабуылға көшті. Шабуыл барысында қарсылас команда ойыншысы Дониер Абдуманнопов допты өзіне қабылдап, алға ұмтылды. Алаңның ортасындағы қос «Шахтер» ойыншысын қапы қалдырып, оң қапталдап барып, допты алаңның ортасына асырған. Бұл жерлестер үшін қауіпті еді. Десе де, «Шахтер» қорғаушылары – орнында. Әуелете көтерілген допты кері қайтарып үлгерді.

Одан кейін қос команда ойыншылары жиі ойын ережесін бұзумен болды. Одан бөлек, допқа талас барысында жарақат та алып жатты. Қысым да күшейіп, ойын шиеленісе түсті. Ал, бұны бақылап жүрген бас төреші ойынның 55-ші минутында кездесуді тоқтатып тастады. Осылайша, жерлестер бірінші барлау матчында нәтиже тіркеген жоқ.

Барлау матчтары барысында жерлестер Ресей мен Өзбекстан клубтарына қарсы ойнайды. Ал, қарағандылықтардың алғашқы қарсыласы – «Андижон» клубы еді.

Аталған клубтың тарихы тым әріде. 1964 жылы ресми клуб болып құрылғалы бері клуб атауы тоғыз мәрте ауысыпты. Ал, 1997 жылдан күні бүгінге дейін «Андижон» атауымен аталып келеді. Содан бері бұл клуб Өзбекстан Про-лигасының үш дүркін чемпионы, 2024 жылы Өзбекстан кубогының жеңімпазы атанған. Былтыр Өзбекстан Суперлигасын ХІ орынмен тәмамдаған.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button