Қайдасың, «маймақ аю»?
Ертеде Гоголь көшесінің бойымен жүре қалсаң, шоколадтың иісі мұрныңды жаратын. Қазір «Қарағанды Кәмпиттері» фабрикасына қарасаң, отыра қалып, «еңірегің» келеді. Жыламай қайтесің, келмеске кеткен балалық шақтың бал дәміндей болған қайран кәмпиттердің дәмін енді татпаймын-ау деген ойдың өзінен-ақ көңілің құлазып сала береді. Шынында да, Қазақстан ғана емес, Одаққа, Одақ емес-ау, дүние жүзінің 70 еліне танылған фабриканы кейінгілер біле бермейді. Білген күннің өзінде үлкендердің ауызының суы құрып, айтып отырғандарынан ғана. Бірақ, жартығасырлық тарихында 1 миллион тоннаға жуық кәмпит шығарған, «атағынан ат үріккен» фабрика «модернизацияланып, 2024 жылы жұмысы жанданады, жылына 36,5 мың тонна тәтті шығара бастайды» деген әңгіме де жоқ емес.
Ең жоғары деген талаптарға жауап беріп, мінсіз кондитер өнімдерін шығарған «Қарағанды Кәмпиттері» жұмыс істеп тұрған кезінде 125 миллиард кәмпит шығарған. Егер қатарлап тізер болсаңыз, айға он рет барып келуге жетеді. Ал, жұмыс істеген қызметкерлер саны – 50 мың мұғдарында. Демек, білдей бір қала тұрғындарының санымен иық тіреседі. Зауытта орнатылған өндірістік желілердің жалпы ұзындығы 800 метрден асады, бұл – 6 футбол алаңының ұзындығы.
Сөйтіп, асықпай аяңдап, жұмысын істеп, қолжетімді бағамен сапалы өнім ұсынған фабрика Кеңес Одағының осы салада жұмыс жасайтын кәсіпорындары арасында алғашқы болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Фабрикаға зауал, тіпті, жетекші деген кәсіпорындардың өзі тұралаған тоқсаныншы жылдары келіп, таз кепе киді. Бірнеше жыл тоқтаусыз жұмыс істеп, тынысы жетпей, тоқтады.
Биыл әкімдіктегілер 26,7 млрд теңгеге бағаланатын шоколад фабрикасын жаңғырту жоспарланғанын айтуда. Жылдық қуаты да жаман емес, болжам бойынша – 36,5 мың тонна шығарылмақ. Бірақ, іске 2024 жылы қосылады.
Алайда, осы жерде тағы күмәнді ой жылт ете қалады. Себебі, кәмпит фабрикасы іске қосылады деп бұған дейін де талай айтылғанымен, сиыр құйымшақтанып су аяғы құрдымға айналып келе жатқаны тағы бар.
Обалы нешік, 2013 жылы «Қарағанды Кәмпиттері» АҚ Кәсіпкерлікті қолдау картасына енді де. Демек, фабрикаға иелік еткендер жабдықты жаңарту бойынша міндеттемелерді орындау үшін мемлекеттен жеңілдіктер ала алады. Әуелде, жаңғырту құны 18,8 млрд. теңгеге бағаланып, өндіріс көлемі 38,5 мың тонна деңгейінде болады делінді. 2017 жылы фабрика қайта жанданып, қарағандылықтарды тәттіге қарық қылмақ болды. Сайып келгенде реконструкциялау құны 26,7 млрд. теңгеге дейін өсіп, ал жобалық қуаты, керісінше, 36,5 мың тоннаға дейін төмендеді. Сөйтіп, өндірісті іске қосу мерзімі 2020 жылға ауыстырылды. Сөйткен, 2020 жыл да өтіп, 2021 жыл да келді. Кейін фабриканы жандандыру 2022 жылға қалды. Ол да болмады, енді 2024 жылды күтеміз.
Жалпы, кәмпит фабрикасының 90% акционерлік капиталы 2013 жылы сатылып кетті. Сол кездегі меншік иесі – Норманд аралдарында (Ұлыбритания) тіркелген Uig Limited оффшорлық компаниясы шешімін қарызымен байланыстырды әрі жығылғанға жұдырық болып, әлемдік экономикалық дағдарыс та сол кезге дөп келді.
Сөйтіп, шетелдіктер қарық қылмаған фабрика отандық инвесторлардың қолына өтті. Дені қарағандылықтар – Руслан Шаекин мен Оразхан Қарсыбеков білек сыбана кірісіп, баяғы «Маймақ аю» мен «Қызыл телпектің» байырғы сапасы мен рецептін қалпына келтіреміз дегенімен, тағы істің қиыны қашты. 2019 жылы фабриканың жағдайының қиындығы туралы тағы айтыла бастады. Ал, ғимараты жалға берілді.
Фабриканың сол кездегі баспасөз қызметінің өкілі Қайрат Нұғманов «Кәсіпорынның тоқтап тұрған кезінде жалға алушылардың пайда болуы – стандартты шешім. Фабрика табыс тауып отырған жоқ, ал, ай сайынғы коммуналдық төлем, күзет қызметі тәрізді қызметтерге ақы төлеу керек. Сондықтан, шығынның шағын бөлігін жабу үшін бос тұрған үй-жайды жалға беруге шешім қабылданды» деген болатын.
Жалпы, осы жылдар ішінде фабрикаға кім иелік етпеді десеңізші. Қолдан-қолға өткен кәсіпорынның бүгінгі иесі украинаның «Рошен» кондитерлік корпорациясының негізін салушы Петр Порошенко дейді интернет деректері. Жылына 450 мың тоннаға дейін тәтті шығаруға қабілетті корпорацияның «Қарағанды Кәмпиттерінің» тамырына қан жүгіртуге шамасы келетіні анық. Тек, ниет болса болғаны.
Бірақ, бір ойландыратыны, Қарағандыда Бизнестің жол картасына еніп, мемлекет көмегімен жұмысын жандандырған кәсіпорындар саны жеткілікті. Сол бақыт кәмпит фабрикасының маңдайына бұйырмай-ақ қойғаны, неге екенін кім білген?!.
Қарағандылықтар үмітін үзбей, «Маймақ аюмен» қауышатын күнді асыға күтіп жүр…
Салтанат ІЛИЯШ.