Бас тақырыпЖаңалықтар

Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияда ұлттық валюта теңгені бекітуді ұсынды

Жаңа Конституция жобасы кәсіби заңгерлердің, түрлі сала сарапшыларының және азаматтық қоғам өкілдерінің ұзақ әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде әзірленді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мәжіліс депутаты, «Respublika» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров айтты.

Сурет партиядан

Оның сөзінше, құжатты талқылау алты айдан астам уақытқа созылып, осы кезеңде мыңдаған азамат өз ұсыныстарын жолдаған. Қоғам өкілдері жобаны заманауи талаптарға сай, елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалап отыр. Осыған байланысты депутат жекелеген баптар пысықталғаннан кейін Конституция жобасын референдумға шығаруды ұсынды.

Сондай-ақ, Айдарбек Қожаназаров ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, теңгені Ата заңда нақты көрсету экономикалық тәуелсіздікті нығайтып, қаржы саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда теңгенің мәртебесі заңмен реттелгенімен, әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл норманы Конституция деңгейінде бекіту маңызды.

Депутат бұл тәжірибе басқа елдерде де бар екенін атап өтті. Мысалы, Әзірбайжанда – манат, Арменияда – драма, Қырғызстанда – сом ұлттық валюта ретінде Конституцияда көрсетілген. Осыған байланысты ол «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» нормасын Конституция жобасына енгізуді ұсынды.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button