Жаңалықтар

Айбыны тасыған алау жігер

Әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 індетінің біздің елімізде де белең алуына орай, биылғы VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жиыны өткен жылғыдай онлайн-форматта ұйымдастырылып өткізілетіндігі белгілі болды. Аталған әскери-патриоттық жиын қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшілігімен Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласы білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ерлік сабағы өткізілді.

Коронавирус инфекциясына қарсы са­нитар­лық талаптарды сақтай отырып, Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны тақырыбына арналған «Батылдық! Ептілік! Мық­тылық!» атты ерлік сабағын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұржан Қасқырбайұлы Медетов ашып берді. Алдымен «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­терінің азаматтық персоналы Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков сөз алды. Басқосқан ортада жетекші Т.Кенжебеков Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынының тарихына терең үңіліп, қандай мақсатта ұйымдастырылғанына көңіл бөлді. Өз ойын одан әрі өрбіткен клуб жетекшісі Тілек Алшымбекұлы: «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаев: «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды би­ік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастау керек» – деген болатын.

Сондықтан да, сіздерге нағыз өз Отанының шынайы патриоты болуы үшін сабақты үздік бағамен үлгеріп, өнегелі тәрбиемен болашақта Тәуелсіз Қазақстанның саналы азаматы болып қалыптасуға ұмтылу қажет!» – деп, сөйлеген сөзін қорытындылады.

«Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы­ның тәрбиеленушілері мектеп оқушыларының қатарынан жасақталғандықтан, ер­лік сабағын өткізу барысында іс-шара куәгер­леріне Республикалық «Айбын» әскери-пат­риоттық жиынына қатысқан және мектеп оқушыларының жеңісті жолдарына арналған естелік бейнежазба көрсетілді. Естелік бейнежазбада «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубына Республикалық «Айбын-2018» әскери-патриоттық жиынында алғашқы жеңіс сыйлаған Алтынай Қаланбай, клубтың алғашқы капитаны Нұрхан Алшымбеков және 2019-2020 оқу жылын «Алтын белгі» төсбелгісімен тәмамдаған озат оқушы, клуб тәрбиеленушісі Сәулет Исаевтың есімдері қамтылған. Аталған іс-шараға мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері тартылды. «Батылдық! Ептілік! Мықтылық!» атты ерлік сабағын өткізу барысында 9 «А» сыныбының оқушылары қатарынан Маржан Алшымбекова, Қайыржан Ергешов, Айнұр Оралханова, клуб тәрбиеленушілерінен Мейрамбек Абдурахман мен Байназар Назгүл асқан белсенділік танытты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген ерлік сабағының қорытындысында мек­теп оқушылары бірауыздан онлайн-формат­тағы VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жиынына қатысатын «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілеріне сәттілік тіледі.

Балауса Ерғалиева, «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі.

Басқа материалдар

Back to top button