«Айбынның» бас жүлдесі – Астанада
Аптаға жалғасқан «Айбын-2023» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны кеше жеңімпаздарды жария етті. Спасск әскери оқу-жаттығу орталығында бір жұма бойы еліміздің әр түпкірінен келген сымдай тартылған жастар бой ғана емес, ой да жарыстырған еді. Жабылу салтанатына Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Білім министрінің орынбасары Айбат Ілиясов, Қазақстандағы Әзербайжанның әскери аташесі полковник Заур Керімов, Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің өкілі полковник Назим Вахидоглу Аббасов, Өзбекстанның «Ватан тайянчи» әскери-патриоттық қозғалысының бастығы полковник Бахром Зулфикоров, Қарағанды облысының «Намыс» Әзербайжан мәдени орталығының төрағасы Гюлага Рзаев, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты.

Жиынға қатысушыларды жарыстың сәтті аяқталуымен Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады. Ол бауырлас Әзербайжан, Өзбекстан елдерімен арадағы келісім, теңдік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген тату көршілік қатынастардың маңыздылығын атап өтті.
– IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны бейбітшілікті сүйетін халқымыздың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және достық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсетті, – деді Руслан Жақсылықов.
Әскери-қолданбалы спорт түрлеріне, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға 700-ден астам ұл мен қыздан жасақталған 43 команда қатысты. Жиын қорытындысында халықаралық есепте үшінші орынды Әзербайжан, екінші орынды Өзбекстан, бірінші орынды Қазақстан командасы иеленді.
Қорғаныс министрлігінің Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжі командасы «Айбын» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының Гран-при иегері және абсолютті чемпионы атанды. Олар, сондай-ақ, республикалық әскери оқу орындары санатында да үздік деп танылды. Өңірлік қатысушылар арасында Қызылорда облысының «Сыр айбыны» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіске жетті.
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Жас ұлан» командасы үздік атанды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы «Жас барлаушы» әскерипатриоттық клубының тәрбиеленушісі Мейіржан Теміржанов «Үздік жас сарбаз» номинациясы кубогын иеленді.

Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты жиын соңында «Айбын-2023» туы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж командасының капитанына табысталды.
Команда капитаны Диярбек Сұлтан бұл жиынға үздіксіз екі ай бойы дайындалғандарын айтады. Жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін жұмсап, колледж бен ата-ана сенімін ақтадық дейді.
– Кеңес Одағы Батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің екінші курсында оқимын. Бұл жиынға біздің ішімізден ең таңдаулылар келді. Сайысқа барымызды салдық. Оның бәрі ата-анамыздың арқасы. Жаттықтырушыларымыздың еңбегі. Олар бізден жеңіс күтеді. Үмітін ақтадық деп білемін. Жиын оңайға түскен жоқ. Екі айдан астам дайындалдық, – дейді Диярбек Сұлтан.
Диярбек Сұлтан бұл жиынға қатысу арқылы туған қаласының, колледжінің намысын қорғағанын мақтан тұтады. Сонымен қатар, алдағы уақытта жиынның жоғары әскери оқу орнына түсуге де әсері барын жасырмайды.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz



