Жаңалықтар

Айбын асқақтатар «Айбын» басталады

«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының жыл сайынғы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны биыл тоғызыншы рет өткізілмек. Елорданың 25 жылдық мерейтойына орайластырылып, халықаралық деңгейде өтетін жиынға Өзбекстан, Әзірбайжан Республикасынан қатысушылар келеді. Патриоттық жиынның Қарағандыда өтетінін де айта кеткен жөн.

 

Еліміздің барлық аймағында бұған дейін «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысуға іріктеу турнирлері өткен болатын. Аудандық, қалалық, облыстық турнирлерге 14 пен 17 жас аралығындағы оқушылар қатысып, бақ сынасты. Патриоттық жиынға қатысқысы келетін оқушыларға мүмкіндік мол екенін айта кеткен жөн.

Жас буынның бала кезінен патриоттық сезімін қалыптастыруға «Айбынның» ықпалы зор. Бүгінде «Айбын» әскери-патриоттық жиынының алғашқы қатысушылары болған жас сарбаздар елімізде ғана емес, алыс-жақын шет­елдерде білім алып, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Басым көпшілігі қорғаныс саласында екен. Жыл сайын түлеп ұшатын қатысушылар бүгінгі таңда мәдениет, спорт, қоғамдық өмірдің белсенділері көрінеді.

Бүгінде елімізде әскери-­кәсіптік бейімдеу мақсатында оқушыларды даярлайтын респуб­ликалық үш «Жас ұлан» мектебі бар. Олар Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында орналасқан. Бұл мектептер 2015 жылдан бері ҚР Қорғаныс министрлігіне қарайды. Сонымен қатар, Астана қаласында Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде де білім алады. Жыл сайын жоғары әскери оқу орындарына тәрбиеленушілердің шамамен 55-56 пайызы оқуға түседі екен.

«Айбын» әскери-патриоттық жиынының өтуіне бөлінетін қаржы жыл сайын жиынның қамту аймағы, сапалық құрамына байланысты. Жалпы, патриоттық жиын ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен өтеді.

«Айбын» әскери-патриоттық жиынын өткізуде Қарағанды аймағының таңдалып алынуы да тегін емес. «Жас сарбаз» рес­публикалық әскери-патриоттық қозғалысының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірдегі Спасск оқу-жаттығу орталығының географиялық аймағы, оқу-жаттығу орталығының материалдық-техникалық базасы жиынды өткізуге өте қолайлы. Сондай-ақ, қатысушылар үшін орталық аймаққа келіп-кету мүмкіндігі де ыңғайлы көрінеді. Патриоттық жиын Қарағанды өңірінде жыл сайын өткізіліп келе жатыр.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button