Айбалтамыз да, айбынымыз да – АРМИЯ
«Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа дәуірлерге жалғасқан бақ жолын, ерлік қасиетін бізге мирас етті. Біздің бүгінгі армиямыз тарихымыздағы батыр бабалардың мұрагері. Қарулы Күштеріміз еліміздің құдіретін әйгілеп, айбынын асырады. Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы – нағыз бес қаруы сай әскер»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Осыдан тура бес жыл бұрын ҚР Қарулы Күштері құрылуының 20 жылдығы қарсаңында Президент, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін мемлекеттік мереке деп белгілеу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Ал, сол Отанымызды от пен судан қорғап жүрген ел қалқаны һақында не білеміз? Тәу етер Тәуелсіздігіміз Тәңірден сый болып келген 90-шы жылдардың басында қазақ қорғаны қандай күй кешті? Әңгімемізді әріден бастайық.
Ширек ғасырлық тарихы бар Қазақстан Қарулы Күштері қалай пайда болды деген заңды сауалға тоқталатын болсақ, оның құрылуына негіз болған 1992 жылғы 7 мамырды айтпай кету мүмкін емес. Бұл күні ҚР Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойған еді. Ұлы Отан соғысы ардагерінің бұл лауазымға тағайындалуының өзі бір хикая. Бұл туралы редакторымыз Мағауия Сембай 1992 жылы газетімізге берген мақаласында «Дәл қазір өзіміздің ұлттық армияны жасақтауға республиканың тапшы бюджетінен қаржы қарастырғанымызбен, әскерді басқаратын өз командирлеріміз, әсіресе, қолбасшыларымыз жоқ. Басқаны айтпағанда, республика Қорғаныс комитетін басқаруға әскери қызметте жүрген қазақ генералы табылмады. Содан, алпыстан асқан зейнеткер-генерал Сағадат Нұрмағамбетов шақырылды. Жетпіс жылғы коммунистік қоғамның халқымызға берген жемісі сол, қой бақтыратын қазақ тәрбиелегенімен, қол басқаратын қазақ шығара қоймапты» деп ой түйеді. Рас, жетпіс жылда қазаққа құрығанда жеті генерал дайындап бермеген Одақтың оспадар саясаты еліміз егемендік алған тұста қатты білінді. Сағымызды сындырмаған Сағадат баһадүрдің болғанына тәубе. Әйтпегенде, ел бастайтын еріміз болғанмен, қол бастайтын сардарымыз болмай сағымыз сынар ма еді? Неде болса, Тәуелсіздіктің таңы атты. Ал, сол атқан таңды тез батырып алмаудың жалғыз жолы – қорғаныс мәселесін жүйеге келтіру еді. Сондағы басты мәселе – егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болатын. Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті-деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ, Жоғары Кеңес «ҚР Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы» Заңды қабылдады. Бұл заңның 5-ші тарау, 18-ші тармағында «Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады» деп айқындалған. Сондай-ақ, Заңның 4-ші бабында «Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды» делінген. Яғни, тәртіп те, жүйе де, мақсат та айқын. Ал, қандай да бір зауал туған шақта мұның құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа, IІМ iшкi әскерлерi, ҰҚК-ның шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары енеді. Дегенмен, ҚР Қарулы Күштері ең алдымен еліміздегі Қарулы Күштердiң түрлерiн, әскери басқару органдарын, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi, арнайы әскерлердi қамтитын іргелі құрылым екенін ұмытпаған абзал.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында барлығы төрт Әскери доктрина қабылдаса, соның барлығында және де қазіргі 2011 жылы қабылданған қолданыстағы Әскери доктринада әскери қауіпсіздік саласындағы мемлекет саясаты – қорғаныс сипатында екендігі нақты көрсетілген. Жаңа Әскери доктрина бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес Қарулы Күштерді кешенді дамыту жолға қойылған. Яғни, әскердің сапалық параметрін арттырып, Қарулы Күштердің жоғары жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету, Қарулы Күштер қызметінің бейбіт уақыттағы негізгі міндеті – жауынгерлік дайындықтың сапасы мен қарқынын арттыру сынды маңызды мәселелер қолға алынуда.
Бүгінде Қазақстан әскерін қару-жарақ пен әскери техниканың, арнайы құралдардың заманауи үлгілерімен кезең-кезеңмен жарақтандыруға барынша назар аударылады. Ең бастысы – еліміз ұтқыр, жабдықталған, дайындықтан өткен, байланысы мен ақпараты қамтамасыз етілген, қару-жарақ пен әскери техникасы жетілдірілген, байланыс жүйесі жақсарған армияны дамытуда. Еліміздің Қарулы Күштерінде Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштері сияқты оңтайлы үш түрлі құрылым бар. Құрлық әскерлерінің құрамына төрт өңірлік қолбасшылық, сондай-ақ Аэроұтқыр әскерлері, Ракета әскерлері мен артиллерия кіреді. Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс әскерлерінен тұрады.
Рауан ҚАБИДОЛДИН