Қай өңір қауіп белдеуінде?
1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның 72 пайызын қар алып жатыр. Осыған орай «Қазгидромет» РМК көктемде су тасқыны орын алуы мүмкін өңірлерді атады.
– Су тасу қаупі жоғары аймақтар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары. Ал, орташа қатер Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстарында. Су тасқынының қаупі ең аз аймақ Маңғыстау облысы саналды. Жазық өңірлердегі қар қоры аз, алайда жазғы аймақтардың бүкіл жерінде күзгі ылғалдану шамадан жоғары болып тұр, – деді гидрологиялық болжамдар басқармасының басшысы Серік Ибраев.
«Қазгидромет» жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ, өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қаупі басым аймақтарға алдын ала баға берген.
Серік Ибраевтың айтуынша, тау өзендерінің тасуына көбіне жауын-шашын мөлшері себеп болады. Егер жауын-шашын көп болған жағдайда қауіп туындауы мүмкін.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz