Aidyn_nury баспана берді
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, қазақтың басты мәселесі – баспана. Баспанасыз жанның басты мұңына айналғалы қашан? Дей тұрғанымен, баспаналы болудың мүмкіндіктері көп. Соның басым бөлігі Атымтай жомарт жандардың көмегімен жүзеге асып жатады. Сондай шарапатты көргендердің бірі – қарқаралылық көпбалалы ана Жұлдыз РАХЫМЖАНОВА.
Бес баланы жалғыз өсіріп, тәрбиелеп отырған Жұлдыз қиындыққа мойымайды. Балаларының жәрдемақысы, мүгедек баласына төленетін төлем және өзінің маңдай терімен тапқан еңбекақысымен көзге көрінген құлыншақтарын қатарынан қалдырмай келеді. Бір тоға, сөзге жоқ, жұмыс десе жанып тұратын Жұлдыз әлеуметтік желі арқылы жағдайын айтып Aidyn_nury қайырымдылық қорынан көмек сұрады. Бұл бейнетаспа жаны жайсаң адамдарды бейжай қалдырмады. Көп ұзамай, барлық заңдық талаптары мен ережелері ескеріле отырып, көмек көрсетуге лайықты отбасы ретінде танылды. Нәтижесінде, Жұлдызға кең сарайдай жер үйдің кілті табысталды. Ежелден халық «жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай» қамқорлық танытқан. Сол бір аталы үрдістен жаңылмай Aidyn_nury қайырымдылық қорында қызмет істейтін Қарқаралы қаласының тумалары Анар, Қамар Мақсұтовалар өздерінің көмек қолдарын созып, көпбалалы отбасының қуанышын еселеді. Жұлдыздың отбасындағы бақыттың шамы болған баспананың кілтін қордың директоры Мөлдір Ақылбекова мен Айнагүл Қуанышқызы тапсырды. – Отбасының қамымен қалаға келіп, пәтер жалдап жүргеніме 3 жыл болды. Пәтердің бағасы әрқилы. Бірде қымбат болса, бірде арзанына кезігіп, көшіп-қонып жүрдік. Үйге кіретін бар табыс, күнделікті күнкөріс пен баланың дәрі-дәрмегінен артылмайды. Жағдайымызды көрген мейірімді жандардың арқасында 5 бөлмелі үйге қолымыз жетті. Қуанышымызды айтып жеткізе алмаймыз. Баспаналы болуымызға септігі тиген барлық жанға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Жұлдыз Рахымжанова.
Сағыныш ӘБІЛ.