Аида үмітті ақтады
Бокстан Ливерпульде өткен әлем чемпионаты мәреге жетті. Бұл турнирде Ұлттық құрама спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Атап айтсақ, ел қоржынына жеті алтын, бір күміс және екі қола жүлде түсті. Спортшылар ел үмітін ақтады. Солардың қатарында 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Аида Әбікеева да алтыннан алқа тақты. Әрі осы жылы қатарынан екі мәрте әлем чемпионатын жеңіп, әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапында аса ауыр салмақта қолғап түйістірген Айбек Оралбай Қазақстан қоржынына тарихи алтын жүлде салды. Одан бөлек, ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан бір турнирде қатар жеңімпаз атанып, бір додадан қос алтын алған ағайынды спортшылар ретінде есімдері тарихта қалды.

Аидаға артылған сенім зор еді. Бұған дейін ол Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен-тін. Бертінде Елордадағы Әлем кубогында қола жүлде еншіледі. Сондықтан бұл жолы жанкүйерлер алтыннан үміттенген болатын. Сол сенім ақталды.
Алайда Аиданың чемпиондыққа жеткен жолы оңай болған жоқ. Қарсыластарының қай-қайсысы да мықты еді.
Ширек финалда ол 2020 жылғы Олимпиада чемпионы, түркиялық Бусеназ Сюрменелиді жолдан тайдырды. Ал, ақтық айқаста өзбекстандық Навбахор Хамидовамен күш сынасты. Алғашқы екі раунд өзбек боксшысының еншісіне шешілгенімен, шешуші раундта жерлесіміз мінез көрсетті. Сөйтіп, жерлесіміз жеңісті қолдан суырып алды. Осылайша, Аида өз салмағында әлемнің екі дүркін чемпионы атанды.
Негізі, Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен боксшылардың осалы жоқ. Кіл мықты. Кіл жүйрік. Сынақтан мүдірмей өткен һас спортшылар. Содан болса керек, қалың ел әрқайсысынан алтын күтті. Нәтижесінде, үміт ақталды.
Әйелдер құрамасы сапында 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Алуа Балқыбекова өзінің шеберлігін дәлелдеп, түркиялық қарсыласы Бусе Наз Чакыроглудан басым түсті. Ал, 48 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай финалда үндістандық Минакшимен қолғап түйістіріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ, 60 келіде сынға түскен Виктория Графеева мен 80 келіден жоғары салмақтағы Елдана Тәліпова қола медаль еншілеп, үздіктер қатарынан көрінді. 70 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеген Наталья Богданова айқын басымдықпен жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Ерлер құрамасынан алғаш болып алтын жүлдеге қол жеткізген 50 келіге дейінгі салмақтағы боксшы Санжар Тәшкенбай ақтық сында моңғол боксшысы Алдархишиг Баттулгамендіні қапы қалдырып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Айта кетерлігі, бұл жеңіс Санжардың әлемдік деңгейдегі екінші чемпиондық атағы болып тарихқа енді.
55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Махмұд Сабырхан бұл жолы да биіктен көрінді. Бұған дейін үш мәрте әлем чемпионатына қатысып, бірде күміс, бірде алтын олжалаған еді. Осы жолы ақтық сында испан боксшысы Рафаэль Лосано Серраномен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, Махмұд екі дүркін әлем чемпионы атанды. 70 келіге дейінгі салмақта алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан Төрехан Сабырхан сенімді қадам жасап, чемпиондық белесті бағындырды.
Осы жеңістердің арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте алтын медаль саны бойынша көш бастады. Жаһандық додада жеті алтынды қатарынан еншілеген ел спортшылары басты қарсылас саналатын Өзбекстан құрамасын артта қалдырды. Өзбекстандықтар алты алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен екінші орынға тұрақтады. Ал, үздік үштікті екі алтын, бір күміс және бір қоламен Үндістан құрамасы түйіндеді.
Бұл жолы қазақ боксшыларының ұпайы түгел. Қоржынға түскен жүлделердің бәрі ел мерейін үстем етті. Тек алтыннан үміт күттірген Назым Қызайбайдың жетістігін қайталай алмағаны жанкүйерлерге аздаған өкініш сыйлады. Дегенмен, біз үшін Назым – чемпион.
Енді чемпиондарымыздың жеңісті жолы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада төрінде жалғасын табады деген сенім зор. Қазақ спортының үкілеп қосқан ұландары әлемдік рингте тағы да биіктен көрінетініне жұртшылықтың күмәні жоқ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»