Жаңалықтар

Аида ИСКАКОВА: “Қазір қоғамға керегі – вакцинация”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында коронавирусқа қарсы вакциналау мәселесіне жіті тоқталды. «Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес» деген Президент вакцина алу қажеттілігі туралы айтты. Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылының Мәдениет үйі меңгерушісі, облыстық мәслихаттың депутаты Аида ИСКАКОВА вакциналауға қатысты бірқатар сұрақтарымызға жауап берді.– Аида ханым, вакцинация не береді деп ойлайсыз?

– Бұл ең бірінші – қорғаныш. Әр адам вакцина алу арқылы өзін және жақындарын қорғайтынын түсінуі керек. Себебі, вирустың таралуы біршама азайғанымен, толық жойылған жоқ. Қарағанды облысы әлі де «қызыл» аймақта. Оның үстіне, бұл вирустың қарттарға, балаларға қауіпті екенін естіп, біліп жүрміз. Сондықтан, індеттің таралуының азаюы вакцина алушылардың саны артқанына байланысты.

– «Ashyq» жүйесі эпидемиологиялық ахуалды бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен, осы жүйе бойынша демалыс күнгі шектеулер көпшіліктің көңіліне қонбағаны рас.

– Індеттің таралуы бәсеңдегенде бірқатар карантиндік шектеулер алынып жатыр. Демалыс күндері әр адам бала-шағасымен бір жаққа шығып, уақыт өткізгісі келеді. Дегенмен, осындай көпшілік жиналған кезде коронавирусты жұқтыру ықтималдығы бірнеше есе артатыны да белгілі. Сондықтан, адам көп жиналған уақытта қатаң шараларды қолданған дұрыс деп ойлаймын. Яғни, сен айналаңда отырған басқа адамдар, сол жердің қызметкерлері вакцина алғанын білесің. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Соның өзі бір психологиялық жағынан қорғаныш сезімін береді. Бизнес өкілдері де осы арқылы өз істерін жүргізе бастады. Яғни, оның қоғамға пайдасы тиюде деп айта аламыз.

– Коронавирус күнделікті өмірімізді өзгертті. Карантиндік шектеулердің сіздің жұмысқа әсері қалай болды?

– Қазір барлық шаралар онлайн форматта жүріп жатыр. Былай қарасақ, мұндай шектеу мәдениет саласына қиындау. Біз ұйымдастыратын шаралардың көрерменмен тікелей байланыста болғанына үйренгеннен кейін мұндай шаралардың қиын болғаны рас. Бірақ, қазір онлайн форматтағы жұмысқа да үйреніп алдық. Мұндай шектеудің жалпы халықтың амандығы үшін қолданылғанын түсінеміз. Дегенмен, көрерменмен көзбе-көз кездескенге ештеңе жетпейді. Дәрігерлер вакцина алғандар көбейген сайын мына індетті жеңуге болатынын айтуда. Тұрғындар вакцина алып, өздерін вирустан қорғаса, бұрынғы өмір салтымызға тезірек ораламыз. Бұрынғыдай емен-жарқын араласып, той-томалақты жібермей, өзіміз бен жақындарымыздың өмірінен қорықпаймыз. Қазір қоғамға нағыз керегі осы, жаппай вакциналау.

– Алайда, әлі күнге дейін вакцина алуға жүрексініп жүргендер бар ғой. Оларды қалай көндіруге болады деп ойлайсыз?

– Қанша адам болса, сонша пікір болады. Олардың да өз пікірі, ұстанған қағидасы бар. Мұндайда сөзбен емес, іспен көрсету керек деп ойлаймын. Мысалы, мен өзім вакцина алдым. Өзімді жақсы сезінемін, шүкір. Менің әріптестерім де вакцина салдырды. Өз тарапымнан ойымды оларға ашық жеткіздім. Шешімді әрқайсы өздері қабылдады. Мысалы, мен тұрып жатқан ауылда «қанша өміріміз қалды дейсің, вакцина салдырмаймыз» деген үлкен кісілер болды. Кейін сол кісілердің өзі ауданнан дәрігерлер келгенде екпе салдыртты. Ауыл арасында қаншама адамның осы індеттен қайтыс болғанын көрді, вирустың бар екеніне сенді. Көзі жеткенде барлығы вакцина алады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде тұрғындардың көпшілігі екпе салдыртты.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button