Аида Әбікееваға қарағандылықтар құрмет көрсетті
Күні кеше ғана бокстан Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған жерлесіміз Аида Әбікеева туған жеріне оралды. Әлемдік аренада атой салған боксшымызды жерлестері Қарағандыдағы Сарыарқа әуежайынан жанкүйерлері тосып алды. Чемпионға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын тарту етті.
Мұнда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен облыстық спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те арнайы келіп, жылы лебізін білдірді.
Кеншілер шаһарының тұрғындары және жанкүйерлер чемпионды қошемет көрсетті.
Сонымен қатар, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин мен облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Темірхан Абылаев та болды.
Аиданың әкесі Нұрлан Джапаркулов пен анасы Қарлығаш Абикеева да батыр қыздарын қарсы алды.
– Қызымыз жарты жылдың ішінде екі мәрте әлем чемпионы атанды. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік. Көңіліміз толқып та тұр. Қыз баланы осындай спортқа беруге отбасымыздан ешкім қарсы болған жоқ. Негізі, Аида атасы мен әжесінің қолында өскен. Атасының өзі спортқа жақын адам. Әрі сол спорт мектеп-интернатының алғашқы түлектерінің бірі. Атасы қасына ертіп жүріп спортқа бейімдеді. Бокспен 11 жастан бастап шұғылданып келеді. Аида үлкен турнирлерге бара жатқанда: «Қызым, біз саған сенеміз. Міндетті түрде жеңіспен ораласың!» деп қолдау көрсетіп шығарып саламыз, – деді анасы Қарлығаш.
– Маған жанкүйер болып, қолдау көрсеткен барша қазақ еліне алғысымды айтамын. Бәріңіздің қолдауыңыз сезілді. Әуелі басқарма басшылығына, федерацияға алғысымды білдіремін. Қолдау көрсетіп, сенім артты. Жаттықтырушыларым барлық қарсыласыма жеке-жеке тактика қойды. Соның нәтижесінде жеңіске жеттім. Осы тұста жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Келер жылы Азия ойындары бар. Соған дайындаламын. Одан кейін Олимпиада ойындары күтіп тұр, – деді чемпион.
Айта кетейік, жерлесіміз 65 келі салмаққа, яғни, жаңа салмаққа ауысқанына да көп бола қоймаған еді. Дегенмен, жаңа салмақта атой салып, қарсылас шақ келтірмеді.

– Барша қазақты жеңісімен құттықтаймын. Әйелдер құрамасын жаттықтырғаннан кейін бәріне жеке дайындық, тактика қажет. Барлық боксшымыздың қарсыластары осал емес. Аидаға әлем чемпионы деген атақты қорғап қалу және қарсыластарға жаңа техникамен дайындалу үлкен жауапкершілік еді. Бұл чемпионатқа дайындықты ерте бастағанбыз. Енді шамалы демалады. Содан соң Азия ойындарына жаттығуды бастаймыз, – деді Бокстан Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин.
Ербол ЕРБОЛАТ
“Ortalyq Qazaqstan”