Елде қоғамдық орындарда никаб пен қысқа шалбар киюге тыйым салынуы мүмкін
Қазақстанда кейбір діни киімдерді киюге шектеулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Ortalyq.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министр журналистің «никаб, хиджаб пен қысқа шалбарға тыйым салына ма?» деген сұрағына жауап берді.
– Бұл нормаларды біз міндетті түрде зерттеп, ұсынатын боламыз. Ең болмағанда қоғамдық орындарға қатысты. Бүкіл әлемде мұндай тәжірибені байқап жүрмін. Өйткені бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда беті жабылған адамдарды тану өте қиын. Бұл қоғаммен бірге зерттелетін болады. Ал, біз уәкілетті орган ретінде осы бағытта заңнамалық нормаларды қатаң етуге жұмыс істейміз, – деді Аида Балаева орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Министр аталмыш заңға заңға өзгерістер енгізу немесе жаңа заң жобасын әзірлеу біраз уақытты қажет ететінін баса айтты. Алдымен жұмыс тобы құрылып, түзетулер тұжырымдамасы талқыланбақ. Кейін заң Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының реестріне енгізіледі. Содан кейін ғана Мәжіліс пен Сенатқа жіберіледі.
– Осы жерде депутаттық бастама болғанын ескере отырып, бұл мәселені алдағы уақытта депутаттық корпуспен бірге қарастырамыз деп ойлаймын, – деді Аида Балаева.