Аида Балаева: Арандатушылық әрекеттерге құқықтық баға беріледі
Бүгінде Қазақстан қоғамы елдің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылау мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғалардың біріне айналды. Алайда Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл процесті теріс мақсатта пайдаланып, қоғамда тұрақсыздық тудыруға бағытталған арандатушылық әрекеттерге барып отыр.

– Өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда), – деп жазды министр Аида Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар, ел аумағында ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таралып, Конституция жобасындағы жекелеген баптар әдейі бұрмаланып түсіндірілуде. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал интернет-парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны жөнінде де ақпараттар тіркелген.
– Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайларды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз, – деді Аида Балаева.
Министр азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Оның айтуынша, жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



