Бас тақырып

Ахуалың қалай, аудандық газет?

Қоғамда «адамдардың газетке қызығушылығы төмендеп кетті» деген жаңсақ пікір бар. Алайда, газет кешіксе, бірден редакцияға қоңырау шалатын немесе іздеп келетіндер оқырманның мол екені бізге аян. Бүгінде газеттің қалың оқырманы аудан мен ауылдарда тұрады. Ауылдағылар газетті қалай іздейді?
Ауданда жаяу-жалпылап жүріп, редактор бастап, тілші, беттеуші және хатшы жабылып бір газетті шығарады. Газет ауылға жетпесе, ғұмыр бойы оны жаздырып алатын, кешіксе жәдігері жоғалғандай мазасыздана бастайтын қариялар редакцияға келеді. Тілшілер ақсақалдың жата-жастана жақсылап оқуы үшін газетті үйге мезгілінде жеткізу «Қазпоштаға» байланысты екенін түсіндіріп, жылы сөзбен шығарып салады. Қыста басылымды елдімекендерге жеткізу тіпті баяулайтыны бар. Әлі газеті қолына тимеген қария таяғына сүйеніп тағы келеді. Оқырман мен газет арасындағы ерекше байланыс осылай қалыптасады.
Цифрлық технология дамыған заманда уақыттың әрі оқырманның талғамына сай басылым шығару оңай емес. Оған қоса уақыт өте келе аймақтағы аудандық газеттердің жекешеленгенін ескерсек, баспасөздің бүгінгі жай-күйі алаңдататыны рас. Не десек те, нарықтың күрделі кезеңдерінен өткен аудандық газеттер жабылып қалған жоқ. Олар қолдауды қайдан алады? Ұлттық басылым күні қарсаңында аудандық, қалалық газеттердің жағдайын біліп, осы сауалымызды басылым басшыларына жолдаған едік.

Оқырманның олжасымыз

Қолыңыздағы газетке қылт еткен дүниеміз шықса, баладай қуанып жататынымыз жасырын емес. Әлі есімде, 7 сыныпта оқып жүргенімде өзіміздің «Орталыққа» алғашқы жазған «Ауылыма» деген жүрекжарды өлеңім жарық көрді.

Содан арман қуып Алматыға жеткенбіз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игердік. Табиғатым газетті, редакцияны аңсап тұратын. Ақыры, 2011 жылы газетке біржола келдім. 90 жылдан астам тарихы бар «Балқаш өңірі» газетіне тілші болып қабылдандым. Газеттің редакторы, жазушы Жанболат Башардың мектебін көрдім.

2019 жылдан бастап аймақтық «Балқаш өңірі» газетіне басшылық жасау міндеті маған сеніп тапсырылды. Ол кезде газет басшылығы жергілікті әкімдіктің құзыретімен тағайындалатын. Қазір редакция тұтастай жекеменшікке өтті. Біздің редакцияда осы күні белгілі журналистер – сазгер Қуандық Сәденов, ақын Нұрдос Кәрім, Еркеназ Бақтораз, Гүлзат Кәукербекова қызмет жасайды. Техникалық бөлімдегі мамандар еңбегін ерекше бағалаймыз. Бастысы, өткен тарих пен бүгінді сабақтастырып, оқырманның талғамына сай дүниелерді газетке жариялап отыру.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды…
Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдіс­терді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді».

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Балқаш өңірі» газетінің
редакциясы» ЖШС директоры

Тарих алдындағы парыз

Қалам тербеп жүрген барша әріптестеріміз үшін Ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн аса маңызды. «Ұлттық басылым күнін» Алаш баспасөзінің туған күні деп ерекше атап өту – тарих алдындағы парызымыз. Бұл жолдың бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы секілді ұлт зия­лылары тұр.

Баспасөз алаңында 87 жыл қызмет етіп келе жатқан «Aqtogai ajary» аудандық газеті – облыстағы алдыңғы қатардағы басылым. Қазіргі таңда 5 қызметкер жұмыс істейтін газеттің 1200 оқырманы бар. Басылым жылына 8-12 беттік тұрақты 50 нөмірін шығарады. Жыл сайын журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында өтетін облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын газеттің 7 қызметкері иеленді.

Әрине, күрделі мәселелер бар, оның бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кедергілер. Аудандық бюджеттен жылына 15-20 миллионға жуық қаржы бөлінгенімен, конкурс қорытындысы бойынша бізге 7-8 миллион бұйырады. Осының әсерінен көп нәрсені жарыққа шығара алмайтын қиындықтар кездеседі. Соған қарамастан, газет уақытында шығады. Жекешеленгеннен кейін де жағдайымыз жаман емес. Тапсырыстар уақытында орындалып, еркін тақырыптар кеңінен қозғалуда.

Гүлнәр ЕЛЕУСІЗОВА,
аудандық «Aqtogai ajary» газетінің ­редакторы

«Көш жүре түзеледі»

Газеттер жекеменшік болған кез келген жағдайда өзін бейтарап ұстай алады. Әрине әлі күнге дейін газеттерде шешілмей тұрған мәселелер бар, бірақ оның бәрі уақытында орнына келеді деп ойлаймын.

Биылдан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға көп өзгерістер енгізілді. Газеттер облыстық бюджеттен қаржы алатындықтан, қазіргі жағдай жаман емес, әлі де жақсы жаңалықтар болатын секілді.
Жалпы, газетке жазылған дүние – тасқа басылған тарих секілді. «Ortalyq Qazaqstan» газетінде істеген уақыттарда үлкен тәжірибе жинадым. Облыстық газеттің тілшілерге мақала жазуда көп шектеу қоймайтыны қуантады.

Журналистикаға әртүрлі салалардан мамандар тартып, оған жан бітірген дұрыс. Өңірлік үш газеттің құрылтайшысы болғандықтан, конвергентті журналистиканы дамытып, газеттердің арқасында деректі фильмдер түсіру мүмкіндігіне ие болдық.

Қазіргі таңда өкінішке қарай аудандық газеттердің оқыр­мандары азаюда. Ұлттық басылым күнінде 80-90 жылдық тарихы бар газеттер өзінің тарихын сақтап, халыққа қызмет атқаруын жалғастырса деген тілек бар.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ,
«Qarqaraly», «Абай-ақиқат», «Сельский труженик»
аудандық газеттер редакциясы ЖШС директоры

Басылым бағытын өзгерткен жоқ

2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні болып белгіленіп, мерекелік күндер тізіміне енді. Бұл – баспасөз саласында еңселі еңбек етіп, қалам тербеп жүрген барша әріптестеріміз үшін маңыз­ды мереке. Себебі «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн.

90 жылға жуық тарихы бар Шет аудандық «Shet shuǵylasy» газетінің алғашқы саны 1937 жылы жарық көрді. Содан бері басылым күні бүгінге дейін заманымен, халқымен бірге етене қауышып келеді.

2012 жылдан бастап газет жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып жекешеленді. Әйтсе де өзінің негізгі бағыты мен мазмұнын, халық мүддесін көздеген бағытын өзгерткен жоқ. Бүгінде конкурс арқылы ұтып алған мемлекеттік тапсырыстың қаржысын игеріп қана қоймай, нарық талабына сай түрлі баспа өнімдерімен қатар, баннер басып шығаратын көлемді принтер сатып алып, жұмыс жасаудамыз. Биыл аудан әкімі Мұхит Мұхтаров газетіміздің барлық бетін түрлі-түсті етіп шығару жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Әрине, ол үшін қаржылай көмек жасау­да. Бұл газетімізге үлкен демеу болып отыр. Материалдық базамыз да жақсарды. Шағын ғана ұжымымызда 6 адам қызмет етеді.

Үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, елдің көңілінен шығатындай мазмұнды газет шығару – біздің бас­ты мақсатымыз болып қала бермек.
Барша әріптестерімді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын!

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ,
аудандық «Shet shuǵylasy» газетінің директоры

Дайындаған Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер авторлардың жеке мұрағатынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button