Ахаң тұрған үй назардан тыс қалды
Ахмет Байтұрсынұлының саналы ғұмырындағы ең бір шуақты тұсы – Қарқаралы кезеңі ме дерсіз? Шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қылып, тәуелсіз ел болу жолындағы игі бастамалардың барлығы да Алаштың алтын бесігі болған қастерлі Қарқаралы топырағында дүниеге келуі – заңдылық. Сондай тарихи-тағылымы мол орындардың бірі – Ақтерек ауылындағы Ахмет мектебі.

Қаймана қазақтың қамы үшін басын қатерге тігіп, бүгінгі елдіктің іргетасын қалаған алаштықтардың еткен елеулі еңбегі ересен. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ үшін сіңірген еңбегін әсте ұмыту мүмкін емес. Әйткенмен, Ұлт ұстазының Қарқаралы өлкесінде, Ақтерек ауылында бірнеше жыл қызмет қылғанын көбісі біле бермейді. Оның себебі де баршылық…
Тарихи деректерге сүйенсек, ол бұл мектепте 1904-1909 жылдары екі сыныптық орыс-қазақ училищесін ашып, шәкірт оқытқан. Бұл деректі көрнекті ғалым, сол мектептен білім алған Ақжан Машани келтіреді. 1991 жылы Ақтерек ауылына арнайы барып, мектептің маңдайшасына ағаш тақтайша орнатады. Тәуелсіздік орнап, тоқсаныншы жылдардың толқымалы тұсында жекешелендіру орнаған тұста бұл ғимараттың да есік-терезелері тоналып, талан-таражға түссе керек. Абырой болғанда, ауыл азаматы Жеңіс Рақышев бар күш-жігерін сала жүріп, бүлінген мүліктерді қалпына келтіріп, ауылдағы жамағайынмен бірлесіп мектептің бір бөлмесіне кітапхана, бір бөлмесіне балабақша-бөбекжай ашып, сақтап қалады.
Бұл тарихи ғимарат 2007 жылы «Жібек жолы» бағдарламасының аясында дуалмен қоршалды. Тек 2021 жылы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қарамағына өткен. Сонымен қатар, кейінгі жылдары тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қорғауына алынды. Сол жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау инспекциясы 5 миллион 300 мың теңгеге сыртқы, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатын.
Тамыры тереңде жатқан бұл ғимараттың бүгінде насихаты кемшін түсіп тұр. Ескерілмей жүрген түйткілдер де жоқ емес. Мәселен, мектептің ішінде тарихи жәдігерлер аз. Мұражай болуға жәдігер қоры жеткіліксіз. Тек қылқалам шебері Сәкен Дәулетбаевтың салған картинасы ғана менмұндалап тұрады. Сондай бояуы қанық, көз тартарлық шаһқар туындыларды көбейтсе, бірден көрген адамды баурап алары анық. Және бір айтар базына, мектеп алдына қара ағаштар көптеп егілген екен. Уақыт өте келе, олар тамырын тереңге жайып, қаулап өсіп кетеді. Қазірдің өзінде тарихи ғимараттың бет-бейнесін жауып тұрғандай оғаш. Керісінше, мәуелі бәйтерек секілді түп-түзу болып өсетін қарағайлар қасқайып тұрса дейсіз.
Тарихшы ғалымдардың пікірінше, Ахмет Байтұрсынұлының ғұмырындағы Қарқаралы кезеңі әлі толық зерттелмей келеді. 1904-1909 жылдары аталмыш мектепте сабақ берді деп есептесек, аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында жазған-сызған еңбектері, тарихи құжаттарынан бір деректің қалмауы да мүмкін емес. Айталық, 1905 жылы патшаға жазған «Қарқаралы құзырхатының» ұйымдастырушылар алқасында да Ахаң болғаны анық. Ақтерек ауылы мен Қарқаралы қаласының арасы 20 шақырымды қамтиды. Күнде қатынап жүрді деп те айта алмайсыз. Арқаның ат құлағы көрінбес ақ түтек бораны, үскірік аязы бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мектепке қарама-қарсы жолдың арғы бетіндегі ағаш үйде Ұлт ұстазының тұрған үйі болуы мүмкін. Өкініштісі, бүгінде ол ағаш үй ат қораға айналып кетті. Бәлкім, осы екі үйде көне жәдігерлер, құнды құжаттар болуы мүмкін деген ой көңілге үміт ұялатады. Саясаттың барлық мұраны жойып жіберуі мүмкін емес шығар. Көп тұлғалардың ғылыми еңбектері жер қойнауында да көмулі жатып, кейінгі жылдары ғана жаңа деректер табылып, мәдени мұрамыз түгенделіп жатыр емес пе?!
Ендігі кезекте, осы төңіректі де тереңірек зерделеуге қажыр-қайратымызды арнасақ, құба-құп болар еді.
Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету – қазақ баласына міндет».
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»