Жаңалықтар

Үкімет Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласына 23,5 млрд теңге бөлді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азықтүлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек» деген еді. Өңірімізде маңызды салаға қолдау мол. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары саланы дамыту бағытында ауқымды бағдарламалар әзірленгенін айтты.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан 23,5 млрд теңге бөлініпті. Соның ішінде, өсімдік шаруашылығы саласындағы 5 бағдарламаға 4,1 млрд теңге, ал, мал шаруашылығы саласындағы 2 бағдарламаға 5,6 млрд теңге, қайта өңдеу саласында 2 млрд теңге және қаржы құралдарына 13,6 млрд теңге үлестірілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының экономикалық саясатты және қаржы құралдарын іске асыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Мұқаев салаға бөлінген қаржының жалпы мөлшерін атады.

– Биыл облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекеттік қолдау сомасы 14 003,4 млн теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 4 761,3 млн теңге, мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 1 451,9 млн теңге, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісіндегі шығыстардың бір бөлігін өтеуге 3 728,8 млн теңге, технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын несиелеуге, сонымен қатар, лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 4 010,6 млн теңге бөлінді, – деді Еркебұлан Мұқаев.

Қайта өңдеу кәсіпорындарының мал шаруашылығы саласында оны тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсаған шығындарын субсидиялауға 50,8 млн теңге беріліпті.
2025 жылғы 4 маусымдағы №186 ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Мал шаруашылығы саласындағы субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына сәйкес толықтырулар енгізілді. Субсидиялаудың негізгі мақсаты – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және өнім сапасын арттыру. Өзгерістерге сәйкес субсидия көлемі өңірдің қажеттілігіне, өткен өтінімдердің игерілуіне, қарыздарға және мамандануына байланысты айқындалады. Сұраныс төмен болған жағдайда қаржыны қайта бөлудің икемді механизмі іске қосылды. Механизм субсидия саласында қаржының тиімді игерілуін қамтамасыз етеді. Жоспарлау және түзету мерзімдері мен рәсімдері ГИСС жүйесі және жергілікті атқарушы органдар арқылы нақты көрсетілген.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button